Жарқайың ауданында ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 50 млрд теңгеден асты
Ақмола облысының Жарқайың ауданында ауыл шаруашылық өнімінің көлемі бір жылда 50 миллиард теңгеден асты. Жуырда Тасөткел ауылында 400 ірі қараға арналған заманауи сүт-тауарлы фермасы салынды.
«Темірлан» серіктестігінде 1200 бас ірі қара бар. Шаруашылық асыл тұқымды мал басын көбейтуге ден қойған. Мәселен, биыл 200 бас голштин тұқымынан сүтті сиыр әкелінді. Кәсіпорынның сүт өңдеу цехында тәулігіне 3 мың литрге дейін сүт өңделеді. Мұнда айран, қаймақ, сары май, ірімшік, құрт сияқты сүт өнімдері дайындалады. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өңдеу қуатын кеңейтуді жоспарлап отыр. Ірі қарадан басқа шаруашылық 2 мың бас еділбай тұқымды қой өсіруде. Сонымен бірге егін егумен айналысады. Мал азығын да дайындайды.
Ерлан Әлин, шаруа:
Техниканы толық жаңарттық. Негізінен бидай егеміз. 4 мың гектар жеріміз бар. Биыл 400 гектар жүгері, 200 га шемішке ектік. Көкөніс отырғызатын арнайы жеріміз де бар. Өндірістің толық циклын іске қосу мақсатында биыл сүт фермасын салып жатырмыз. 400 басқа арналған ферманы іске қостық. Қосымша тағы 400 басқа арналған ферманы жыл соңына дейін салып бітіреміз деп отырмыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы