Әскери дайындыққа арналған жаңа оқулықтар жарық көрді
Енді мектеп оқушылары мен колледж студенттері алғашқы әскери дайындықтың жаңартылған жүйесі арқылы білім алуы мүмкін. Бүгін Қорғаныс министрлігінің Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы пилоттық жобаны таныстырды. Жиында «Батыр рухы» деп аталатын 10-11 сынып оқушыларына арналған жаңа оқулықтардың да жобасы таныстырлды. Бұл кітаптарды биылғы оқу жылында қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Жаңа оқулықтардың басты ерекшелігі – теориядан гөрі тәжірибеге басымдық берілуі. Оқу материалдары заманауи әдістемелер негізінде әзірленіп, оқушылардың түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдауына, төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібін меңгеруіне және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдыларын игеруіне бағытталған.
Айгүл Төлембаева, ҚР Қорғаныс министрінің көмекшісі:
Жаңа оқулықтарда әскери дайындықтың барлық бағытын қамтитын авторлардың 1000-нан астам иллюстрациясы ұсынылған. Бұл кітаптар балалардың бойындағы патриоттық сезімін оятып, жауапкершілігін арттыра түсетініне сенеміз. Оқулықта бұрынғы батырларымыз туралы ақпараттар, олардың қанатты сөздері жазылған. Қазіргі заманға сай пилотсыз аппараттарды басқару, дрон шабуылынан қорғану, киберқауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, тіпті лудоманияның алдын алу сынды маңызды параграфтар бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы