Елордада аэротакси сынақтан өтті
Қала кептелісінде сағаттап тұрмай, әуеде қалықтайтын күн алыс емес. Астанада алғаш рет аэротакси сынақтан өткізілді. Көрсетілім кезінде электр қуатымен жұмыс істейтін Аутофлайт компаниясының «Просперити» әуе аппараты таныстырылды. Бұл көлік түрі тік көтеріліп, тік қона алады және сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшады. Тың технология ұшқыштан бөлек бес жолаушыны тасымалдауға арналған. Ол 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған. Сондықтан дыбысы кәдімгі тікұшақпен салыстырғанда бәсең әрі ұшу кезінде көмірқышқыл газын шығармайды. Бүгін бірінші ашық көрсетілім қауіпсіздік талаптарына сәйкес жолаушыларсыз өтті. Жоба биыл маусымда заңнамалық қолдауға ие болды. Мемлекет басшысы eVTOL аппараттарын, вертипорттарды және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесін құқықтық тұрғыдан реттейтін заңға қол қойды. Алғашқы көктегі көлікті 2028 жылы Алатау қаласында іске қосу жоспарланған. Ал Астанадағы «Болашақ ойындарының» қонақтары инновациямен 29–30 шілде күндері жақыннан таныса алады. Заманауи аппарат «Барыс Арена» спорт сарайының алдындағы ашық көрме алаңына қойылады.
Дастан Зайнолда, компания өкілі:
Қазіргі жұмыс инфрақұрылым. Вертипорт деп аталады. Ол аэропорт сияқты бірақ кішігірім. Ол бойынша Алатау қаласында біз бастап кеттік. Алматы және Алатау қаласында бірінші кезеңде 6 вертипорт саламыз деген ойдамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы