Басты Жаңалықтар Испания Әлем чемпионы атанды

Испания Әлем чемпионы атанды

Қырық күнге жалғасқан аладоп аламаны аяқталды. Түн ұйқысын қиып, теледидарға телмірген көрермендер кеше түнде әлем біріншілігінің финалын тамашалады. Төрт жыл бұрын Қатарда жеңімпаз атанған Аргентина құрамасы бұл жолы атағын қорғай алмады. Қызыл фурия қарқыны қатты болып, жеңісті жұлып кетті.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осы жаздың басты финалы. Әлем чемпионы атану үшін қос испан тілді құрама дәуельге түспек. Матч қарсаңында жанкүйерлер стадион айналасын думанға бөледі.

Қос команда жеті ойыннан сүрінбей өтіп, финалға жетті. Жанкүйерлер де құрамасына чемпионат басталғаннан бері қызу қолдау көрсетіп келеді. Арманға бір ғана қадам қалды. Дегенмен жеңімпаз біреу ғана. Көпшілік тарихи сәтті таспалап алу үшін фотоға түсіп жатыр.

Чоуи Аргентина, жанкүйері:

Маған футбол да, осы атмосфера да ерекше ұнайды. Біз Аргентина құрамасына сенеміз. Кубокты тағы да елге алып қайтамыз деп ойлаймын. Өйткені біздің командада чемпиондық мінез бар. Финал керемет өтеді деп сенемін.

Лука, Испания жанкүйері:

Бүгін өте тартысты матч болады деп ойлаймын. Менің болжамым – 2:0. Стадионда жанкүйерлер лық толып отыр. Атмосфера ерекше болады. Командамыз қазір бабында, сондықтан Испанияның жеңісіне сенемін.

82 мың көрермен. Стадионда ине шаншыр орын жоқ. Жанкүйерлер футболшыларға қолдау көрсетіп, алға жетелеп жатыр.

Тарихи ойын басталды. Де ла фуента шәкірттері бірден шабуылға ұмтылды. Бірінші таймда испаниялықтардың бірнеше ұрымтал сәті болғанымен, аргентина қақпашысы сыр алдырмады.

Екінші таймда да командалар қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Ойын соңына қарай Аргентинаның жартылай қорғаушысы Энцо Фернандес дөрекі ойнап, екінші сары қағазбен алаңнан қуылды.

Қызыл фурия қосымша таймда бұл басымдықты барынша пайдалануға тырысты. Осылайша ойынға тыңнан қосылған Ферран Торрес 106 минутта жеңісті голды соғып кетті.

Лионель Месси көз жасына ерік берді. Аргентина бір ғана қадам қалғанда сүрінді. Ал Испания құрамасы араға 16 жыл салып, екінші мәрте әлем чемпионы атанды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осымен кезекті әлем біріншілігі тарих қойнауына еніп отыр. Аладоп аламаны жанкүйерлерге сан түрлі эмоция мен ұмытылмас естеліктер сыйлады. Ал қызыл фурия қажырлы еңбек пен жүйелі жұмыстың арқасында жеңімпаз атанып отыр. Испания Әлем чемпионы!


Бөлісу