Бүгін түнде Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін түнде Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды

01.02.2014
Бүгін түнде Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды

Монако. Монте-Карло. Салле де Этоиле.

Әлем назары сенбі, 1 ақпан күні Монте-Карлоға ауады. Бұл күні Салле де Этоиле аренасында кәсіпқой бокс кеші өтеді. Бокс кешінің ең басты жекпе-жегінде кәсіпқой бокстан WBO және IBO тұжырымы бойынша Әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды. Оның қарсыласы – ганалық боксшы Осуману Адама.
 
Геннадий Головкин кәсіпқой бокста өткізген 28 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, 25 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Ганалық боксшы  шаршы алаңда 25 жекпе-жек өткізіп, оның 22-де жеңіске жеткен. Ал үш кездесуде жеңілістің ащы дәмін татқан.

Сонымен қатар, бұл кеште жартылай орта салмақта (66,7 келіге дейін) ресейлік Роман Белаев (12-0-0, 10) пен  Ирландия боксшысы  Дин Бирн (17-2-1, 6) WBA Continental атағына таласады.
 
Ал орта салмақта (72,6 келіге дейін) WBA  тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион, украиналық боксшы Макс Бурсак (29-1-1, 12) австралиялық Джеррод Флетчермен (17-1-0, 10) өткізетін жекпе-жекте чемпиондық атағын қорғайды.
 
Сонымен қатар, ауыр салмақта (90,7 келіге дейін) конголық боксшы Илунга Макабу (15-1-0, 14) мен аргентиналық Рубен Анхель Мино (20-0-0, 20) жұдырықтасады.
 
Бокс кеші Астана уақыты бойынша 22:40-та басталады. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы Монте-Карлодан тікелей көрсетілім ұсынады.

Хабарламаларға жазылу