Петропавл қаласының құрылғанына 274 жыл толды
Петропавл тұрғындары қала күнін атап өтті. Биыл шаһардың құрылғанына 274 жыл толды. Мерекеге орай орталық алаңда «Сүйікті қалам» атты концерт ұйымдастырылды. Ал жекелеген көпқабатты үйлердің тұрғындары қала күнін өз аулаларында атап өтті.
Қала күні Жуков көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көпшілікті айтулы күнмен құттықтады. Мұнда 40 жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген балалар алаңқайы жаңартылды. Шолпан Уәйісова жөндеу жұмысының аяқталуын әсіресе балалар асыға күткенін айтады.
Шолпан Уәйісова, қала тұрғыны:
Осы қалада тұрғаныма 25 жылдан астам уақыт болды. Отбасым бар, екі балам бар. Жаңа, заманауи аула ашылып жатыр. Отбасымызбен өте қуаныштымыз.
Мерекелік шаралар қаланың орталық алаңында жалғасты. Өндіріс, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және өзге де салаларда ұзақ жылдар бойы тер төгіп келе жатқан еңбек әулеттері марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің теңгерімді дамуы үшін облыс орталықтарының әлеуетін күшейтіп, оларды жаңа экономикалық өсу нүктесіне айналдыру қажет екенін атап өткен болатын. Түрлі салада жүзеге асырылып жатқан жобалар қаланың тұрақты дамуына серпін береді.
Қала күнін атап өтуге арналған бағдарлама мерекелік отшашумен түйінделді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы