Басты Жаңалықтар «Qyzyljar Music Fest» музыкалық фестивалі өтіп жатыр

«Qyzyljar Music Fest» музыкалық фестивалі өтіп жатыр

Қызылжар төрінде бесінші рет халықаралық «QYZYLJAR MUSIC FEST» өтіп жатыр. Биылғы өнер мерекесінің алғашқы күні дәстүрлі этно-музыкаға арналды. Басты мақсат – ұлттық мұраны дәріптеу, фольклорлық және дәстүрлі әнді заманауи форматта насихаттау. Ұйымдастырушылардың айтуынша,   мәдени жиынға жыл сайын 20 мыңннан астам адам  келеді.

Фестивальдің арнайы қонағы – халықаралық сахналарда қазақтың ұлттық музыкасын танытып жүрген «Hassak» этно-фольклорлық ансамблі. Алматылық өнер ұжымын қызылжарлық көрермен ерекше ықыласпен қарсы алды.

Ержан Жәмеңке, «Hassak» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

Қызылжар музыкалық фестиваліне «Hassak» тобы алғаш рет қатысып отырмыз. Шынында да, бұл — Петропавлдың бетке ұстар төл бренді деп есептейміз. «Hassak» тобы өзінің репертуарындағы ең үздік шығармаларын алып келді.

Биылғы фестиваль қазақ өнерінің көрнекті өкілі, опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Шараға отандық өнерпаздармен қатар, шетелдік қонақтар да қатысады. 

Қайырлы Ғафуров, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі:

Этно, жалпы фольклорлық, ұлттық музыканы, дәстүрлі музыканы насихаттайтын күн. Біздің солтүстік өңірдегі мәдени өмірге жаңадан серпіліс әкеледі деп ойлаймын. Жалпы, негізгі фестивальдің бағыты осы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын. Сондықтан халықаралық фестивальға баса мән беріледі. 

Музыка мерекесі 10 шілдеге дейін жалғасады. Көрермендерді дәстүрлі ән, би, классикалық және эстрадалық музыка бағытындағы концерттік бағдарламалар күтеді.

Бөлісу