Петропавлда мыңнан астам домбырашы мерекелік шеруге шықты
Петропавл қаласында бір мезетте мыңнан астам өнерпаз домбырамен ән салып, шаһардың орталық көшесін әсем әуенге бөледі. «Домыра күніне» арналған салтанатты шеруге еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін қатысты. Ұлттық киім киіп, домбыра ұстаған жұртшылық Қазақстан Конституциясы көшесімен екі шақырымға жуық жолды жаяу жүріп өтті. Қос ішектен төгілген күй халыққа мерекелік көңіл күй сыйлап, ұлттық рухты асқақтатты.
Домбыра – халқымыздың рухы мен тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан ұлттық мұра. Қасиетті аспапты ұлықтауға арналған шараға кәсіби музыканттармен қатар қарапайым тұрғындар да қатысты.
Бәйімбет Құбайдолла 100 күйді жатқа біледі. Ол қазақтың қасиетті қара домбырасын бала күнінен жанына серік еткен.
Бәйімбет Құбайдолла, шеруге қатысушы:
Екі-ақ ішек, бірақ қаншама әдемі дыбыс, қаншама әдемі күйлер ойнай алатынына бәрі таңқалады. Ең бірінші осы үшін жақсы көремін. Екіншісі осы қаншама тарихымыз. Әр күйде қазақтың бір тарихы бар. Бір күйді жаттағанда қазақтың қаншама бай мұрасын, қаншама тарихын жаттауға болады.
Қос ішектен төгілген күй ғасырлар бойы елдің қуанышы мен мұңын, ерлігі мен елдігін бейнелеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы» деп атап өткендей, қасиетті аспап – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі.
Біржан Есжан, ұйымдастыру алқасының мүшесі:
Петропавл қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған домбыра шеруі. Қаланың тұрғындары да бізбен бірге ілесіп, ән айтып, көңіл-күйлері көтеріңкі. Әйтеуір қазағымыздың рухы көтеріліп жатқанына, домбыраны біз насихаттап жатқанымызға бек қуанышты екенімізді жеткізді.
Мереке аясында республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған 10 жас өнерпаз облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар оларға домбыра тарту етілді.
Салтанатты шара мерекелік концертпен түйінделді. Сахна төрінде дәстүрлі ән әуелеп, күмбірлеген күйлер көрерменге ерекше әсер сыйлады.