Басты Жаңалықтар Шоқан Уәлиханов

Шоқан Уәлиханов

Шоқан Уәлиханов

Шоқан (Мұхаммед-Қанапия) Шыңғысұлы Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы, ағартушысы, тарихшы, этнограф, географ, шығыстанушы және саяхатшысы. Ол 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мұхаммед-Қанапия. Анасы еркелетіп «Шоқан» деп атағандықтан, тарихта осы есіммен қалды. Балалық шағы алдымен Құсмұрында, кейін ата қонысы – Сырымбетте өтті. Шоқан төре әулетінен шыққан. Оның арғы атасы – қазақтың ұлы ханы Абылай хан. Абылай ханнан – Уәли хан, Уәли ханнан Көкшетау мен Құсмұрын округтерінің аға сұлтаны болған Шыңғыс Уәлиханов дүниеге келген. Шоқан – осы Шыңғыс сұлтанның ұлы. Әкесі Шыңғыс Уәлиханов баласының ғылым мен білімге жақын болып өсуіне ерекше көңіл бөлді. Орыс зиялыларымен тығыз араласқан ол Шоқанның жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасады. Шоқан жас кезінен бірнеше тілді меңгерді. Қазақ, орыс, араб, парсы, шағатай және ұйғыр тілдерін білді. Сонымен қатар шығыс ғұламаларының еңбектерін зерттеп, кейін неміс, ағылшын және француз тілдеріндегі ғылыми әдебиеттермен де танысты.



1847 жылы сол кездегі ең беделді оқу орындарының бірі – Сібір кадет корпусына оқуға түседі. 1853 жылы оқуын үздік аяқтап, атты әскердің корнеті әскери шенін алады. Кадет корпусында кейін белгілі ғалым әрі саяхатшы атанған Григорий Потанинмен бірге білім алды. Әскери қызмет атқара жүріп, Шоқан ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. 1856 жылы Ыстықкөлге, 1857 жылы Алатау қырғыздарына ғылыми экспедиция жасады. Осы сапарында қырғыз халқының әйгілі «Манас» эпосын алғашқылардың бірі болып ғылыми тұрғыда қағазға түсіріп, зерттеді.


1858–1859 жылдары Шоқан Уәлиханов Қашғарияға аса қауіпті құпия ғылыми сапарға шықты. Осылайша ол Марко Поло мен неміс зерттеушісі Адольф Шлагинтвейттен кейін Қашғарияға барған тұңғыш ғалымдардың бірі ретінде танылды. Бұл сапардың нәтижесінде «Алты шаһардың жайы немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» атты әйгілі еңбегін жазды. Бұл еңбек Ресейде де, Еуропада да жоғары бағаланып, көп ұзамай ағылшын тіліне аударылды.


1859–1861 жылдары Шоқан Санкт-Петербургте болып, Ресейдің География қоғамында қызмет етті. Оның ғылыми еңбектері жоғары бағаланып, Әулие Владимир орденімен марапатталды. Шоқанның ең жақын достарының бірі – ұлы орыс жазушысы Федор Достоевский болды. Сонымен қатар ол Григорий Потанинмен, орыс ғалымдары және шығыстанушыларымен өмірінің соңына дейін ғылыми әрі достық байланысын үзген жоқ. 861 жылдан бастап денсаулығы нашарлап, өкпе ауруына шалдыққан Шоқан дәрігерлердің кеңесімен туған өлкесіне оралды. 1865 жылдың сәуір айында қазіргі Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Алтынемел жотасының етегінде, қазіргі Шоқан ауылының маңында небәрі 29 жасында дүниеден өтті.

 


Ұлы ғалымның өмірі жайлы шығыстанушы Николай Веселовский:


«Шоқан Уәлиханов құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шықты. Орыс ориенталистері оның бойынан сирек кездесетін құбылысты көріп, одан ғылымға зор жаңалықтар күтті», – деп жазған.


1985 жылы Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына орай академик Әлкей Марғұлан ғалымның шығармаларын жинақтап, бес томдық еңбегін жарыққа шығарды. Ал қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов Шоқанның өмірі мен қызметіне арнап «Аққан жұлдыз» романын жазды. Бүгінде Шоқан Уәлиханов қазақ ғылымының негізін қалаушылардың бірі ретінде танылып, оның еңбектері тарих, этнография, география және шығыстану ғылымдарының алтын қорына енген.


Қазақ ғалымы жайлы видео көру.

Бөлісу