Басты Жаңалықтар Биыл электр желілерін жаңғыртуға 851 млрд теңге бөлінеді

Биыл электр желілерін жаңғыртуға 851 млрд теңге бөлінеді

Елдегі әлеуметтік нысандардың барлығы дерлік жылыту маусымына дайын. Бірақ кешігіп жатқан аймақтар да бар. Премьер-министр әкімдерге қандай міндет жүктеді? Жылу, электр желілерін жөндеу жұмыстары қашан аяқталады? Үкімет отырысынан Жанел Нұрболатқызы толықтырады.

14 тамызда Алматыда жарық жаппай неге өшті? Жағдай қайталанбас үшін министрлік не істемек? Үкімет отырысында Олжас Бектенов Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке осындай сауал қойды. Ведомство басшысы жүйеде қуат күрт артып, ақау шыққанын айтты. Жағдай ушыға түспеуі үшін электр энергиясы автоматты түрде ажыратылды. Жуырда іске қосылатын жаңа генерация нысандары енді мұндайға жол бермейді, деді Ерлан Ақкенженов.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

Алматы қаласындағы ЖЭО 2, ЖЭО 3, ал Түркістан облысында қуаттылығы 1000 мегават жаңа қондырғы пайдалануға беріледі.

Апаттық жағдай «KEGOC» компаниясына тиесілі 500 киловольттық әуе электр желілерінде болған еді. Бүгінгі отырысқа компанияның басқарма төрағасы да келді. Ол оңтүстік өңірдің энергетикалық жүйесін күшейту жоспарда екенін және батыс аймақтар бірыңғай энергожүйеге қосылатынын айтты.

Нәби Айтжанов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы:

Алдағы күзгі-қысқы кезеңде оңтүстік аймақтағы ең көп тұтыну көлемі 5100 мегават деңгейінде болуы мүмкін. Бұл өткен кеезңнен 700 мегаватқа көп. Қуат тапшылығы «Солтүстік Шығыс Оңтүстік» транзиті ағыны есебінен жабылады.

Әлеуметтік нысандардың 98 пайызы жылыту маусымына дайын

Жылыту маусымына бір ай қалды. Құрылыс министрінің сөзінше, 10913 әлеуметтік нысанның 98 пайызы күзге дайын.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Жылыту маусымына дайындық 51391 үйде аяқталды. Бұл жоспардың 96 пайызын құрайды.

Бірақ Көкшетау, Теміртау, Жезқазғанда жылу желілері әлі толық жөнделмеген. Алматы мен Солтүстік Қазақстан облыстарында да жұмыс қарқыны баяу. Премьер-министр жауапты өңірлік штабтарды сынға алды. «Олардың көбі бәрін қағаз жүзінде қалдырады. Жұмысына салғырт қарайды» деді. Мұны әкімдер бақылауы тиіс.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Энергия көздерін жөндеуді ұзарту жағдайлары әлі де жалғасуда. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тапсырмалардың уақытылы орындалмағанын көрсетеді. Энергетика министрлігіне әрбір осындай факт бойынша әкімшілік шараларды қабылдауды тапсырамын.

Тағы бір мәселе – бүгінде заңды және жеке тұлғалардың коммуналдық қызметтерге қарызы 19 миллиард теңге. Бәрінен Алматы тұрғындарының берешегі көп. Биыл энергия нысандарын жөндеуге және жаңғыртуға 851 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғыдан 60% көп. Бастысы барлық мектептер мен ауруханалардағы жылу желілері 1 қыркүйекке дейін толық дайын болуы тиіс.

Бөлісу