Тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандыру міндеттелуі мүмкін
Тұрғын үйлерді табиғи апаттардан сақтандыру міндетелуі мүмкін. Жаңа жүйе алдымен үш өңірде пилоттық режимде іске қосылып, кейін өзге өңірлерде іске асыру жоспарланған. Жоба бойынша үй иелері жыл сайын шамамен 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін сақтандыру жарнасын төлейді. Ал табиғи апат салдарынан баспана бүлінсе, өтемақы қарастырылған. Бұл ұсыныс тұрғындардың қалтасына қалай әсер етеді? Ал сақтандыру төлемі нақты қандай жағдайда беріледі? Әріптесім анықтап көрді.
Табиғи апаттан кейін баспанасын қалпына келтіру үшін тұрғындар көбіне өз қаражатына немесе мемлекет көмегіне сүйенеді. Енді бұл мәселені сақтандыру арқылы шешу ұсынылып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жобасында тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өрттерінен міндетті сақтандыру қарастырылған.
Арман Ақаев, «Еуразия» сақтандыру компаниясы бөлімінің атқарушы директоры:
Сақтандыру ескі тұрғын үйлерді қоса алғанда, ресми түрде тіркелген барлық тұрғын үй жайларды қамтиды. Қазақстанның әрбір аймағының өзіндік тәуекел коэффициенті болады, бұл полистің құнына тікелей әсер етеді. Алматыдағы пәтер иесі үшін сақтандырудың құны жылына шамамен 10 000 теңгені құрауы мүмкін.
Демек, сақтандыру құны барлық өңірде бірдей болмайды. Тариф табиғи апат қаупіне, тұрғын үйдің орналасқан жеріне және басқа да факторларға байланысты есептелмек. Бірақ мұндай жүйені енгізу үшін нақты тәуекелдер мен шығын көлемі жөнінде жеткілікті дерек қажет, - дейді сарапшылар.
Жеңіс Шәріпұлы, тұрғын үй сарапшысы:
Олар өздерінің бизнес моделіне қарай қарайды. Бізде статистика жоқ қой, қиын. Олар тәжірибені басқа мемлекеттерден алады. Қандай тариф болады? Бізде мәліметтер жоқ. ДТП сияқты. Қазіргі таңда жер сілкінісі 4,5 балдан аса болып жатқан жоқ. Адамдар не үшін керек екенін әлі білмейді.
Жоба бойынша сақтандыру жағдайы расталғаннан кейін бес күн ішінде төлем жасау ұсынылып отыр. Алғашқы кезеңде төлем көлемі төленген жарнаның 500 еселенген мөлшерін құрамақ. Кейін қор қаражаты жинақталған соң, бүлінген үйді қалпына келтіруге немесе жаңа баспана сатып алуға мүмкіндік беретін төлемдерге көшу жоспарланған.
Жүйе жүзеге асқан жағдайда алдымен үш жыл ішінде арнайы қорда қаржы жиналады.Осы уақыт ішінде тұрғындардан сақтандыру төлемі алынбайды. Үш жылдан кейін ғана тұрғын үй иелері жыл сайын міндетті сақтандыру ақысын төлей бастайды. Әзірге бұл бастама ұсыныс ретінде «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасына енгізілген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы