Өндіріс орындары өнім көлемін еселей түсті
Петропавл қаласында жаңа экологиялық саябақ құрылысы жүріп жатыр. Пестрое көлінің жағалауында орналасатын нысанның жалпы аумағы 41 гектар. Жоба халықтың жыл бойы демалуына, спортпен шұғылдануына және мәдени шаралар өткізуіне мүмкіндік береді. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев аталған саябақтың және бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты.
Петропавл электротехникалық зауыты 2021 жылы іске қосылған болатын. Бүгінгі күні 200-ге жуық адам еңбек етіп жүр. Кәсіпорын жылына 13 мың трансформатор шығаруға қауқарлы. Дайын өнімнің 98 пайызы экспортқа жөнелтіледі.
Жанболат Орақбаев, зауыт менеджері:
Электротехникалық зауыты өз өнімдерін Россияға және Қазақстанның ішкі нарығына шығарады. 13 позиция бойынша 72 түрлі өнім шығарамыз. Арнайы экономикалық аймақ бойынша тағы да қосымша 20-дан астам өнім шығару көзделіп отыр.
«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында 21 нысан тіркелген. Алтауы іске қосылып, өнім шығаруда. Солардың бірі теміржол локомотивтері мен вагон жасайтын зауыт. Кәсіпорын былтыр 170 млрд теңгенің өнімін шығарды. Жуырда жаңа өндірістік цехтың құрылысы аяқталды. 300-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жұмыс тобы комбайн шығаратын, сүт зауыты, жылыжай сынды тағы басқа нысанарды аралады.
Диана Жантасова, жылыжай бригадирі:
Ең бастысы, қияр өсіреміз. 3 мың тонна, жылына. Өндіріс шығады, осы Қазақстанға өндірсіміз кетеді. Жақын қалаларға.
Жылу электр орталығын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын
Былтыр Петропавл жылу электр орталығын ішінара жөндеу және қондырғыларын жаңалауға 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары стратегиялық нысанның тыныс-тіршілігімен танысты.
Анатолий Казановский, кәсіпорынның бас директоры:
Штаттық кесте бойынша 986 жұмыс орын бар, бүгінгі күні 794 адам еңбек етіп жүр. 2022 жылы 100-ден астам технологиялық ақау табылды. Кешенді жұмыстың нәтижесінде өткен жылы бұл көрсеткіш 4 есе азайды. Биыл 5 қазандық жөнделеді. Жұмыс кестеге сай атқарылып келеді.
Жағажайда құрылыс қарқын алды
Тағы бір маңызды нысандардың бірі Жұмысшы кентін қаланың орталығымен жалғайтын өткел. Жоба құны 5,9 млрд теңге. Нысан шілде айында іске қосылмақ. Ал апаттық деп танылған ескі көпір жабылады. Пестрое көлінің жағажайында да қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
8 шақырымға жуық велодорожка, пешеходный дорожка, оның барлығы керек, шынын айтқанда, халыққа. Барлық өңірлерде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жерде де көрдік, куәсі болдық, қала таза.
Жағажайда спорт, ойын алаңдары, велосипед және жүгіру жолақтары, амфитеатр, сахна мен 500-ден астам көлікке арналған тұрақ салынады. «Қызылжар» экологиялық саябағы қала тұрғындары үшін заманауи демалыс орнына айналмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы