Басты Жаңалықтар Алматыда қағаз қалдықтарын өңдеу артып келеді

Алматыда қағаз қалдықтарын өңдеу артып келеді

Алматыда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу көлемі артып келеді. Осы бағытта Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» акционерлік қоғамы кәсіпорындарды жаңғыртуға тұрақты қаржы бөледі. Солардың бірі – «Интер Мульти Сервис». Мұнда қолданыстағы қағаз өндіру машинасы жаңғыртылып, өндірістік қуаты жылына 50 мың тоннадан асыру жоспарланған. Жобаның құны 1,1 миллиард теңгеден асады. Қазір кәсіпорынға бояу жабдығы жеткізіліп, оны орнату жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Сондай-ақ жақында жаңа қағаз өндіру машинасы орнатылмақ. Жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мамандардың айтуынша, жобалар Алматыдағы қағаз қалдықтарын қайта өңдеу мүмкіндігін кеңейтіп, қайта айналымға енгізуге жол ашады. Айта кетейік, «Жасыл даму» кәдеге жарату төлемдерінің есебінен елімізде жалпы құны 116 миллиард теңгеге жуық 30 жобаны қаржыландырған. Бұл бастамалар қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтып, полигондарға түсетін қоқыс мөлшерін азайтуға бағытталған.

Павел Терехов, «Интер Мульти Сервис» ЖШС құрылтайшысы:
Бұл  – іске қосылған өндірістік цехтардың бірі. Мұнда макулатура өңделіп, одан картон және дайын өнім шығарылады. Қазір кәсіпорында 300-ден аса маман еңбек етеді. Өндірісті жаңғыртып, жаңа жабдықтар сатып алуға және өндіріс қуатын арттыруға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді.


Бөлісу