Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Ауруханаларды жаңарту бағдарламасы аясында өңірлерде 26 жаңа бөлімше ашылды

Өңірлердегі ауруханаларды жаңарту бағдарламасы аясында биыл 26 жаңа бейінді бөлімше ашылды. Олар 403 емделушіге есептелген. Бөлімшелер гастроэнтерология, кардиология, нефрология, пульмонология секілді жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Бұл тұрғындарға өз өңірінде диагностика мен ем алуға мүмкіндік беріп, республикалық орталықтарға бару қажеттілігін азайтады.

Ауылдарда 511 мектеп салынды

Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі пайдалануға берілді. Оның 84-і «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Нәтижесінде 32 апатты және 57 үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Биыл тағы 49 ауыл мектебі салынып жатыр, ал 820 ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтуде.

ЖИ кен орындарын зерттейді

Қазақстанда жасанды интеллект мұнай ұңғымасын бұрғылауға ең тиімді орынды анықтауға көмектеседі. Жүйе миллиондаған геологиялық деректі талдап, қай жерде бұрғылау керек екенін ұсынады. Бұл қымбат жобалардағы тәуекелді азайтып, пайдалы қор табу ықтималдығын арттырады.

eGov GPT арқылы 50 қызмет қолжетімді

Қазақстанда eGov GPT арқылы енді 50 мемлекеттік қызметті чат форматында алуға болады. Жасанды интеллект азаматтардың өтініштерін өңдеуге, құжаттарды талдауға және аударма жасауға да көмектеседі. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ХҚКО-ға жүгінгендер саны 30 пайызға азайған.


Бөлісу