Басты Жаңалықтар Қытайдың Цзянсу провинциясымен меморандумға қол қойылды

Қытайдың Цзянсу провинциясымен меморандумға қол қойылды

Алматы облысына Қытайдың экономикасы дамыған өңірлерінің бірі - Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чансин бастаған делегация келді. Сапар аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесу өтіп, екі өңір арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бүгінде Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстың маңызды орталығына айналып келеді. Соңғы жылдары өңір мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1 миллиард АҚШ долларынан асып, тұрақты өсім көрсетіп отыр. Қазір аймақта Қытай капиталының қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал жалпы құны 3 триллион теңгеден асатын 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

Біз үшін мұндай серіктес болғаны өте жақсы. Оның үстіне бұлардың да экономикасы әртараптандырылған. Әр салада жұмыс істеуге мүмкіндіктеріміз бар. Құрылыс болсын, ауылшаруашылығы өнімін өңдеу болсын, туризм болсын, жан-жақты, бірлесіп, ары қарай жұмысты жүргізуге деген екі жақтың да қызығушылығы бар.

Кездесуде туризм саласындағы байланыстарға да ерекше назар аударылды. Визасыз режим енгізілгеннен кейін Алматы облысына келетін шетелдік туристер саны артқан. Былтыр өңірге өзге мемлекеттерден 147 мыңнан аса саяхатшы келсе, олардың басым бөлігі – Қытай азаматтары.

Синь Чансин, Қытайдың Цзянсу провинциясы партия комитетінің бірінші хатшысы:

Цзянсу провинциясында 83 миллионнан аса адам тұрады. Экономикалық көрсеткіштер бойынша Қытайда 2-орында тұр. Нақтырақ айтсақ, өңірлік өнім көлемі 2 трлн АҚШ долларынан асады. Қазақстан – Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі серіктестерінің бірі. Біздің мақсатымыз – өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, өзара тиімді байланыс орнату. 

Сапар барысында қонақтарға қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін, облыс аумағынан табылған құнды жәдігерлер қойылған көрме ұсынылды. Сонымен қатар өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын ірі жобалар таныстырылды. Тараптар бұл кездесу өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге негіз болады деген сенім білдірді.

Бөлісу