«Асыл бесік - Ақсуат» фестивалі мәресіне жетті
Абай облысында «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Үш күн бойы Ақсуат төрін дүбірге бөлеген ауқымды шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, спорт пен өнерді, білім мен руханиятты тоғыстырды. Биыл тоғызыншы рет өткен фестиваль республикалық мәдени-көпшілік іс-шаралар күнтізбесіне енгізіліп, елдің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың басын қосты.
Биылғы фестивальдің мазмұны бұрынғыдан да бай. Ұлттық спорт түрлерімен қатар, әлеуметтік бастамаларға ерекше көңіл бөлінді. Шара барысында көпбалалы анаға жаңа баспананың кілті табысталып, мектепті үздік тәмамдаған түлектерге білім гранттары берілді. Ал туған жердің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.
Роза Досалова, көпбалалы ана:
«Асыл ана» атты марапат алдым. Мен сегіз бала тәрбиелеген анамын. Қарапайым отбасымыз. 42 жыл мұғалім болдым. Өңіріміз өте жақсы дамып жатыр. Көркейіп жатыр. Гүлденіп жатыр десем болады. Көрінетін жұмыстардың барлығына халық разы болып жатыр.
Фестивальді ұйымдастырушы елге танымал кәсіпкер, меценат - Дулат Тастекей. Елдің еңсесін көтеріп, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық мерекенің мәні зор дейді.
Дулат Тастекей, меценат:
Біздің халқымыздың адами капиталын көтеру. Яғни, адам сапасын жақсарту. Жастарды спортқа баулу. Оқуға баулу. Білімге құштарландыру. Ал енді ұраны - «Туған жерге туыңды тік». Сол арқылы біз туған жерінен біраз алыста жүрсе де, елін сағынып көмегін тигізгісі келетін азаматтардың басын қосып, осы «Асыл бесік - Ақсуат» фестивалінің аясында ауылына тағзым етуге шақырамыз.
Биыл фестиваль бағдарламасы жаңа жобалармен толықты. Алғаш рет республикалық тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырылып, «Артық білім – кітапта» атты зияткерлік сайыс өтті. Облыстың әр ауданынан келген кітапсүйер жастар өзара бақ сынап, білім деңгейін көрсетті.
Аяжан Серікжанқызы, 11-сынып оқушысы:
Қазіргі таңда кітап оқу өте маңызды. Біріншіден, тіл байлығымыз дамиды. Екіншіден, ой-өрісіміз дамиды. Және кітап оқи отырып, біз өмірге бейімделіп өсеміз. Ұлы тұлғалардың бәрі кітап оқыңдар деп айтқан. Себебі білімнің бәрі кітапта жатыр.
Фестивальді ұлттық спорт сайыстары қыздыра түсті. Қазақ күресінен өткен ASSYL ARLAN турнирінде еліміздің ең үздік білектілері күш сынасып, жеңімпаздар анықталды. ASSYL TULPAR бәйгесінде жүйріктер аламан, тай жарысы және топ бәйгеде көпшіліктің делебесін қоздырды. Үздіктер марапатталды. Ал үш күнге созылған мерекені танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы