Басты Жаңалықтар Үздік оқыған жастар мемлекеттік қызметке конкурссыз кіре алады

Үздік оқыған жастар мемлекеттік қызметке конкурссыз кіре алады

Енді жоғары оқу орнын үздік бітірген жастар мемлекеттік қызметке конкурссыз орналаса алады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Алматыда өткен кездесуде айтты. Жиында студенттер мен жас мамандарға мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа мүмкіндіктер таныстырылды. Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл бастама жастарды өңірлерге тартуға және мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Бүгінде осы мүмкіндік арқылы республика бойынша 860 жас мемлекеттік қызметке қабылданған. Кездесуде Президенттік жастар кадр резерві мен Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеу тетіктері де түсіндірілді. 2019 жылдан бері Президенттік жастар кадр резервінің құрамына 450 азамат енген. Ал былтыр алғаш рет өткізілген өңірлік іріктеу қорытындысы бойынша 546 жас өңірлік резервке қабылданды.

Дархан Жазықбай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
Жаңа заңда жастарға беріліп жатқан үлкен мүмкіндіктер бар. Бірінші мүмкіндігі жақсы GPА көрсеткішімен жоғары оқу орындарын бітірген түлектер ауылдық, аудандық, облыстық маңызы бар қалаларға конкурс тест тапсырмастан тікелей барып тағайындалуға мүмкіндіктер бердік.


Бөлісу