Президент «Атлетико де Мадрид Қазақстан» академиясына барды
Бұдан соң, Президент әйгілі испандық клуб «Атлетико Мадридтің» Алматы облысына қарасты Талғар ауданында орналасқан академиясына барды. Балаларға футболдың қыр-сырын үйрететін орталық былтырдан бері жұмыс істейді. Мемлекет басшысы тәрбиеленушілермен кездесіп, футбол мектебінің жұмысымен танысты. Шараға аталған клубтың аңызы Давид Вилья да қатысып, балалардың қуанышы еселене түсті.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Алматыдан небәрі 40 шақырым жерде орналасқан «Атлетико Мадрид» клубының академиясы бүгінде қазақстандық 100-ден астам баланы тәрбиелеп жатыр. Мұнда жастар доп тебудің ғана емес, әйгілі испан футболының қыр-сырын меңгереді.
Ернар Берік, «Атлетико де Мадрид Қазақстан» академиясының тәрбиеленушісі:
Испан футболы мен Қазақстан футболы техникамен бірдей болуы мүмкін. Бірақ испандардың ойын стилі мүлде басқаша. Олар көбіне жермен ойнағысы келеді, баспен ойнағысы келеді. Доппен тез-тез ойнасын деп айтады, тез-тез пас, 1-2 касание, тез-тез ойлану.
Жаттығу алаңдары, дене шынықтыру залдары және теориялық сабақтарға арналған аудиториялар. Президент академияның жұмысымен танысып, 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады. Ала допқа қолын қойып, балалармен естелік суретке де түсті.
2026 жылдан бастап академия тәрбиеленушілері ел чемпионаттарына, сондай-ақ QJ-лигасы мен халықаралық турнирлерге қатысады. Алдағы уақытта нысан аумағында қосымша бес футбол алаңын салу жоспарланған. Сарапшылардың айтуынша, «Атлетико Мадрид» академиясының ашылуы Қазақстандағы жасөспірімдер футболының дамуына серпін береді.
Хосе Варело, «Атлетико де Мадрид Қазақстан» академиясының жаттықтырушысы:
Біздің басты мақсат – жергілікті футболды дамыту және оның өркендеуіне қолдау көрсету. Бұл ретте біз мадридтік «Атлетиконың» испандық әдістемесі мен тәжірибесіне сүйенеміз. Әдістеменің негізгі өзегі – мінез. Бізге допты еркін меңгеретін, креативті әрі батыл ойыншылар керек. Қазақстандық балалардың бойында осындай қасиеттер бар.
Қазақстандық балалар қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсете бастаған. Жуырда олар «Атлетико Мадридтің» негізгі академиясының тәрбиеленушілерін өз алаңында тізе бүктірді. Мұны клубтың аңызы, Чемпиондар лигасының, Еуропа және Әлем чемпионатының жеңімпазы Давид Вилья да атап өтті.
Давид Вилья, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі:
Ең бастысы – тынымсыз еңбек ету. Күн сайын өзіңді жетілдіріп, алдыңа қойған мақсатыңа сену керек. Арманың асқақ болғаны абзал. Ал «Атлетико де Мадрид Қазақстан» академиясының тәрбиеленушілерінің мүмкіндігі жоғары деп ойлаймын. Өйткені олардың білікті жаттықтырушылардан тәлім алуға, олардың кеңесін тыңдап, тәжірибесін үйренуге мүмкіндігі бар. Біз мұнда жұмыс істеп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Алдағы бірнеше жылдың ішінде осы академиядан шыққан қазақстандық бір футболшының Еуропадағы үлкен клубтардың бірінде ойнағанын көргіміз келеді.
Президент Орталық Азиядағы теңдессіз жылыжай кешенін аралады
Мемлекет басшысы GREEN ECO жылыжай кешенімен де танысты. Сондай-ақ Қазақстан нарығындағы өндіріске қолданылатын технологияларын көрді. Таза әрі пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін өсіретін кәсіпорын бүгінде еліміздің 10 қаласын өніммен қамтып отыр.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Көріп тұрғандарыңыздай, ауқымы кең, иә?! Бұл жылыжай бір гектардан астам аумақты алып жатыр. Мұнда көкөністің 30-дан астам түрі өсіріледі. Ең бастысы, ешқандай химиялық қоспа қолданылмайды екен. Яғни өнім таза әрі қауіпсіз.
160 адам еңбек ететін кәсіпорын тек жапырақты көкөніс түрлерін ғана емес, жылына 1,5 миллион түпке дейін ағаш, сәндік бұталар мен гүлдер өсіреді.
Роман Шнайдерман, «Green Eco» ЖШС директоры:
Кешенге Президенттің келуі біз үшін үлкен мәртебе. Бұл Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына үлкен көңіл бөлетіндігінің айғағы. Қазір біз тұрған жылыжайда 450 мың түп жапырақты көкөніс бар. Жылына 5 млн түптен астам өнім сатамыз. Ағаш, сәндік бұталар мен гүлдер де өсіреміз. Өнімдеріміз үлкен сұранысқа ие, тіпті Өзбекстан мен Қырғызстанға да экспорттаймыз. «Лукоморье» тұқымбағымызды Президенттің өзі аралап көрді.
Мемлекет басшысына Turanga сәндік өсімдіктер тұқымбағын ұйымдастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Онда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп бұта өсіру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы