Басты Жаңалықтар Мемлекеттік бюджет кірісі жоспардан асты

Мемлекеттік бюджет кірісі жоспардан асты

Биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірісі жоспарланған көрсеткіштен асып, қазынаға 11 трлн 400 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға көп. Бес айдың қорытындысы бюджет кірістерінің тұрақтылығын және ел экономикасының оң даму қарқынын көрсетіп отыр. Жоспар бойынша нақты түсім 7 трлн 340 млрд теңге болады деп болжанған, бірақ артығымен яғни 7 трлн 410 млрд теңге түсті. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Жергілікті бюджеттердің кірісі де оң өсім көрсетіп, 4 трлн теңгеден асты. Бұл былтырғы бес айлық кезеңмен салыстырғанда 95 млрд теңгеге өскен. Кірістің негізгі бөлігі – салық төлемдері. Мамандардың айтуынша өсімге қосылған құн, корпоративтік табыс, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және мұнай экспортына салынатын кедендік баждың артуы ықпал етті. Мемлекет инфрақұрылымды дамытуға басымдық беруді жалғастырады. Автомобиль жолдарын жаңғырту, инженерлік желілерді жетілдіру, көлік-логистика, энергетика, сумен жабдықтау және цифрландыру жобалары жүзеге асырылуда.


Бөлісу