Чемпиондар лигасының финалы қалай өтті?
Сенбінің кешінде УЕФА Чемпиондар лигасының финалы өтті. Жанкүйерлер арасында «қалқанқұлақ кубок» аталып кеткен жүлдені франциялық «Пари Сен-Жермен» мен англиялық «Арсенал» командалары сарапқа салды. Будапешттегі 67 мың адамдық «Пушкаш Арена» стадионы лық толды. Ал теледидар алдына телмірген көрермен қанша десеңізші... Ойынды Қазспорт арнасы тікелей эфирде көрсетті.
Ал комментаторлар Ерсін Ерік пен Виктор Кирилюк доп додасын сол стадионда отырып жүргізді. Осымен еуромаусым да аяқталды. Ал 12 күннен кейін жаһан жұрты көз тіккен Әлем чемпионаты басталады. Айтпақшы, бұл доданы да Қазақстан және Қазспорт телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.
Будапешт. Венгрия астанасы алғаш рет Чемпиондар лигасының финалын қабылдады. 67 мың жанкүйерге арналған«Пушкаш Арена» стадионы лық тола.
«Пари Сен-Жермен» және «Арсенал». Екеуі де Еуропаның ең үздік командасы. Лондонның «Арсеналы» биыл араға 22 жыл салып ағылшын премьер лигасының чемпионы атанды. Ал, париждік ұжым үшін өз чемпионатын жеңу үйреншікті жағдай. Бірақ, басты меже Еуропаның алтынын алу.
Көпшілік ойын тізгінін париждіктер қолында ұстайды күткен. Себебі, Луис Энрике шәкірттері былтыр осы турнирде топ жарған. Усман Дембеле, Дезире Дуэ, Хвича Кварацхелияның айдарынан жел еседі. Ал, Микель Артета шәкірттерінің қорғанысы тас қамал.
Бірақ, ойынның 6-минутында Кай Хаверц лондондықтарды алға шығарды. Неміс
ойыншысы осымен чемпиондар лигасының екінші финалында гол соқты.
Осыдан соңқарсылас команда есепті теңестіруге барын салды. Бірақ, 60 минут бойы Микель Артета баптаған ұжым міз бақпады. Алайда, 65-минутта Арсенал қорғаушысы Москера айып алаңында Хвичаны шалып жықты. Пеналти!Дембеле дегеніне жетті.
Ары қарай аңдысқан ойын болды. ПСЖ толассыз шабуылдағанымен Рая күзеткен қақпаның кілтін таба алмады. Ал, Арсенал қарымта шабуылдарға иек артты. Бірақ, негізгі уақытта да, қосымша тайымда да таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Пеналти сериясында париждіктерге сәттілік серік болды. Канонирлер сапындағы Эберечи Эзэ мен Габриэль Магалайэс мүлт кетті. Осылайша «Арсенал» «ПСЖ»-ға жеңісті өз қолымен сыйлағандай болды.
Ал париждіктерден Нуну Мендештің соққысын Давид Райя қайтарды. Бірақ бұл зеңбірекшілерді жеңілістен құтқара алмады.
Осылайша «ПСЖ» екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының қалқанқұлақ кубогін төбесіне көтерді. Ал Энрике бұл турнирде үшінші рет топ жарып Пеп Гвардиола, Зинедин Зиданмен теңесті.
Сонымен биылғы еуропаның доп додасына мәресіне жетті. Енді 12 күннен төрткіл дүние көз тіккен Әлем чемпионаты басталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы