«Достық үйінің» іргетасы қаланды
Алматы облысында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтатын жаңа нысанның іргетасы қаланды. Қонаев қаласында бой көтеретін облыстық «Достық үйі» жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жобаны жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асырмақ.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев және этномәдени бірлестіктердің өкілдері ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды. Бүгінде Алматы облысында 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ал өңірде тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүр. Жаңа нысан осы ұйымдардың басын біріктіретін ортақ алаңға айналмақ.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып жатқан шара. Мұның ерекшелігі біздің этно-мәдени бірлестіктер, бизнес өкілдері ниет білдіріп осының іргетасын бүгін қаладық. Мақсатымыз күзде қолданысқа беру.
Аймақ басшысының айтуынша, жоба облыс үшін тарихи маңызға ие. Соңғы төрт жылда өңірге 3,7 триллион теңге инвестиция тартылып, жалпы құны 930 миллиард теңгеден асатын 120 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 14 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Енді өңір кәсіпкерлері ел бірлігіне қызмет ететін нысан құрылысына қолдау көрсетіп отыр.
Роза Әбілова, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі:
«Бірлік болса тірлік болар». Дана қазақ бекер айтқан жоқ. Еліміз аман болсын. Біз әрқашанда ұлтқа бөлінбей, салаға бөлінбей біздің мақсаттарымыз бір. Ол – иықты экономика, дамыған азаматтық қоғам. Бәріміз сол салады жұмыс істеп жатырмыз.
Екі қабатты ғимаратта этномәдени бірлестіктерге арналған кабинеттер, 56 орындық конференц-зал және 300 орындық мәжіліс залы орналасады. Сондай-ақ нысан алдында биіктігі 92 метр болатын Ту тұғыры орнатылады. Құрылыс жұмыстары үш айға жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы