Үйдің техникалық және кадастрлық паспорты онлайн рәсімделеді
Енді жылжымайтын мүліктің техникалық және кадастрлық паспортының көшірмесін алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. 1 маусымнан бастап бұл қызмет тек онлайн форматта көрсетіледі. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Өзгеріс азаматтардың уақытын қалай үнемдейді? Ал құжат алу қаншалықты жеңіл болады?
Асылбек Данияр, тілші:
Бұдан бұлай үйдің немесе жер телімінің құжатын жоғалтып алсаңыз, телнұсқасын үйден шыққай-ақ алуға болады. Барлық процесс eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Телнұсқа деп отырғанымыз түпнұсқаның орнына жүретін құжаттың көшірмесі. Атқаратын функциясы бірдей.
Енді құжатты қалай алуға болатынын түсіндірсек. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңба арқылы егов порталына кіру керек. Басты беттен «Жылжымайтын мүлік» бөлімін таңдап, «Тұрғын үй қатынастары» тармағына өтесіз. «Кадастрлық паспортының телнұсқасы» қызметін таңдайсыз. Әрі қарай өтінім түрі және жылжымайтын мүлік түрін көрсетесіз. Сондай-ақ үйге жақын орталық филиалын енгізу керек. Қажет деректерді толтырған соң төлем жасап, қол қою шарт. Қызмет көрсету мерзімі жылжымайтын мүлік объектісінің түріне байланысты. Дайын болған соң цифрлық құжаттар бөліміне жүктеледі. Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар қызмет ақысын төлеу және дайын құжатты алу үшін орталыққа баруға мәжбүр еді.
Егер қызметті онлайн алуға мүмкіндік болмаса, халыққа қызмет көрсету орталығына барасыз. Бірақ ондағы мамандар құжат алып бермейді. «Өзіне-өзі қызмет көрсету» аймағына бағыттап, тапсырыс беруге көмектеседі. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіру халыққа қызмет көрсету орталығына түсетін жүктемені азайтуға және қызмет алу процесін жылдам әрі жеңіл етуге мүмкіндік береді деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы