Ашық аспан астында буккроссинг алаңдары ашылады
Алматыда жаз мезгілімен бірге кітапсүйер қауымға арналған жаңа мәдени жоба басталады. 1 маусымнан бастап қалада арнайы буккроссинг алаңдары жұмыс істейді. Енді тұрғындар мен шаһар қонақтары саябақтарда отырып кітапты тегін оқып, өзара алмастыра алады. Жоба зияткерлік демалысты дамытуға және қоғамдық орындарда кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған. Арнайы кітап сөрелері Ганди және Қарғалы саябақтарында, Мақатаев атындағы скверде, сондай-ақ №44 кітапхана ғимаратында орналаспақ. Ал шілде айынан бастап тағы бір буккроссинг алаңы Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада ашылады. Мәдениет басқармасы өкілдерінің айтуынша, кітап сөрелері дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Кітап қоры тұрақты түрде жаңартылып отырмақ. Оқырмандарға көркем әдебиеттен бастап танымдық және мотивациялық бағыттағы кітаптар ұсыну жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы