ЕАЭО елдері ЖИ дәуіріне қадам басты
Сауда, салық, шекара. Сан-саладағы мәселені жасанды интеллект реттемек. Еуразиялық экономикалық одақ елдерін сандық серпіліс күтіп тұр. Саяси сарапшылардың пікірі осы. Алдағы күндері ұйымға мүше елдердің қатысуымен Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форумда цифрландыру мәселесі қаралмақ. Келелі жиында Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестікті нығайту жайы да талқыланады. Тақырыпты, мамандармен тілдескен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес жалғастырады.
Елорда Еуразиялық экономикалық одақ елдерін қабылдауға сақадай сай. Қала көшелері ұйымға мүше елдердің туларымен безендірілген. Бұл одақтастарға көрсетілген құрмет пен ілтипат. Хош, алдағы екі күнде қалада Еуразиялық экономикалық форум және Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы өтеді. Көтерілетін басты мәселе – цифрландыру дейді, саясаттанушылар.
Әсем Қайдарова, ҚР Президенттік орталығының жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы:
Еуразиялық экономикалық одақтың саммиті негізгі мәселесі ол жасанды интеллект мәселесіне айналған. Яғни осы жасанды интеллектіні пайдалана отырып, біз осы аймақ одаққа кіретін елдердің, сауда жасау экономикасын, агроөнеркәсіпті жасанды интеллект арқылы қалай дамытамыз деген мәселелер талқыланатын болады. Бұндағы басты мәселе, яғни сауда-саттықты қалай жеңілдетеміз, тауар алмасуды қалай жеңілдетеміз.
Бұл Қазақстан үшін ірі халықаралық оқиға ғана емес, сонымен қатар Одақ аясындағы экономикалық басымдықтарды айқындауға мүмкіндік беретін таптырмас алаң. Атап айтқанда, транзиттік әлеуетті дамыту, сауда кедергілерін жою, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, сондай-ақ серіктестермен кооперацияны кеңейту мәселелері күн тәртібіне шығарылған.
Нұрбану Хасенова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің аға ғылыми қызметкері:
Бұл қарапайым халық үшін, яғни кез келген экономикалық ресурстардың қолжетімділігіне алып келеді. Өзара сауда-саттық байланыстардың нығаюы бұл ынтымақтың әл-әуқатына, олардың әлеуметтік экономикалық жағдайының тұрақтандыруына, олардың ілгеруіне ықпалын тигізеді. Форумда қабылданған әртүрлі тұжырымдар бұл халықтық игілігі үшін өте жақсы бастамалар болады деп сенемін.
Қазақстан одаққа төрағалық ете отырып, ұйымға мүше елдерге цифрландыру бағытындағы өз тәжірибесін ұсына алады. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызмет көрсету, денсаулық сақтау, білім беру мен қаржы секторына жасанды интеллект кеңінен енгізіліп жатыр.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Бізде ЖИ бойынша осы Орталық Азия аймағында алғаш рет арнайы заң қабылданды. Бізде арнайы осы ЖИ-ді дамыту бойынша Astana Hub жұмыс істеп жатыр. Және де үшінші бір маңызды мәселе, мысалы, былтырдан бері бізде суперкомпьютерді жүйеге енгізу бойынша негізгі тәжірибеміз бар.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Иә Қазақстан Орталық Азиядағы ЖИ саласының көшбасшысы атанды. Oxford Insights халықаралық талдау компаниясының мәліметіне сүйенсек, еліміз аталған бағыттағы көрсеткіштері жағынан әлемдік рейтингте 135 елді басып озып, 60-орынға жайғасқан.
Яғни одаққа мүше елдер ЖИ-ді жеке технологиялық бағыт емес, экономиканы, логистиканы, өнеркәсіпті, аграрлық секторды және мемлекеттік басқаруды дамыту құралы ретінде қарастырып отыр.
Еуразиялық экономикалық форум және Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы саяси мүдделер бір арнаға тоғысатын, ортақ мақсат айқындалатын үлкен алаңға айналмақ. Одақ аясындағы Қазақстанның мүддесі ол әрине транзит пен логистика, дейді мамандар. Бұл саладағы әлеуетті арттыру үшін тауарлар шекарадан жылдам өтуі керек, рәсімдер түсінікті әрі ашық болуы қажет. Осы орайда цифрландырудың маңызы орасан болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы