Басты Жаңалықтар Президент Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Президент Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Бүгін мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды. Осыған орай Мемлекет басшысы қазақстандықтарды құттықтады. Президент бұл мейрам мейірімділік, қайырымдылық, өзара құрмет пен ынтымақты дәріптейтінін атап өтіп, отандастарымызға зор денсаулық, бақ-береке тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрбан айт күндері азаматтарымыз өзгеге қол ұшын беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезіну айрықша маңызды екенін ұғына түседі. Бұл – әділдік пен адамгершілікті, ой мен сана тазалығын арқау еткен ислам ілімінің ұлағатын дұрыс түсініп, тағылымын тереңірек тануға зор ықпал ететін ерекше кезең. Түптеп келгенде, біздің асыл дініміз де, еліміздегі басқа дәстүрлі діндер де халқымыздың рухани дамуына, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен қоғамдағы ынтымақ-бірліктің артуына негіз болып отыр. Бәріміз үшін еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігінен биік ешнәрсе жоқ. Конституция – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, ұлттық бірегейлігіміздің өзегі. Сондықтан ел тұтастығын күшейту, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мемлекет саясатының аса маңызды бағыты, конституциялық міндеті саналады. Ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір отаншыл азаматтың перзенттік парызы. Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Құрбан айт қабыл болсын!


Бөлісу