Шетелдіктер Бельгияда қазақша үйреніп жүр
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі Бельгияда да тойланды. Корольдікте қазір қазақ тілін үйренушілердің қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Шетелдіктердің ынта--ықыласын ескеріп, осы елде екі қазақ мәдени орталығы ашылған болатын. Орталықта қазақша тіл сындырып жүрген жастар мен ересектер тіл күніне орай ашық сабақ ұйымдастырып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығымен танысты.
Бельгияның Гент қаласындағы қазақ мәдени орталығында он бес адам қазақша үйреніп жүр. Максим белсенді оқушылардың бірі. Қазақстанға алты рет сапарлаған ол елдің мәдениеті мен тарихын терең білгісі келеді. Сол үшін курсқа қатысып, бір айдың ішінде әжептәуір тіл сындырған.
Максим Вердут, Гент қаласының тұрғыны:
Әйелім, қайын жұртым қазақ болған соң қазақша еркін сөйлегім келеді. Қазақ тілі қиын болғанмен, бай тіл. Ал қазақ халқы өте қонақжай, барған сайын үйіне қонаққа шақырады. Керемет ел. Сондықтан, қазақшаны жетік меңгерсем деймін.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын-тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың өсиеті 22 жастағы Анджелина-Динараны қатты толғантты. Бір жасында бельгиялықтар асырап алған қазақ қызы ана тілінде еркін сөйлеуді армандайды.
Анджелина-Динара Сессел, асыранды қыз:
Соңғы рет Астанаға барғанымда сауда орталығында бір жігіт маған қазақша сұрақ қойды. Мен түсінбей, жауап бере алмадым. Өз тілімді білмегінім үшін қатты ұялдым. Сол үшін қазір ана тілімді үйреніп жүрмін. Астанадағы туған бауырларыммен, қазақтармен қазақша сөйлескім келеді. Қазақстанда өзімді қазақ деп еркін сезінем. Болашақта Астанада тұрып көргім келеді.
Шетелдіктерге қазақша үйретіп жүрген қос ерікті Күнсұлу мен Фаина тіл күніне орай оқушыларды қазақ әліпбиінің атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың мұрасымен таныстырды. Шетелдіктер қазақ тілі мен дәстүріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, танымдарын кеңейтті. «Кітап оқитын ұлт»қоғамдық қоры орталыққа қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын сыйға тартты. Тіл үйренушілердің көздегені-енді осы кітаптарды оқып, қазақтың тілін, мәдениеті мен дәстүрін терең зерттеу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы