Басты Жаңалықтар Еуропа күнін Астанада атап өтті

Еуропа күнін Астанада атап өтті

Астанада Еуропа күніне арналған дәстүрлі EuroFest фестивалі өтті. Ашық аспан астындағы мерекеге Еуропалық одаққа мүше 18 елдің өкілдері қатысып, тұрғындарға мәдениеті мен дәстүрін таныстырды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, Еуропа елдерінің туристік мүмкіндіктерімен танысты.

Үшінші жыл қатарынан өткізілген фестивальге келушілердің қарасың қалың. Қонақтар үшін арнайы концерттік бағдарлама ұсынылып, интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Еуроодақтың Қазақстанда жүзеге асырып жатқан жобалары таныстырылды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шара халықтар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді дейді.
Алешка Симкич, Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі:
Соңғы уақытта Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақ артып келеді. Қазір Шенген визасын рәсімдеу тәртібін жеңілдету мәселесі талқыланып жатыр. Мақсат – құжат санын азайтып, өтініш беру процесін жеңіл әрі түсінікті ету. Бұл жаңалықты қазақстандықтар ұзақ уақыттан бері күтіп жүргенін білеміз. Сондықтан барынша тездетуге тырысамыз. Бірақ мұндай келісімге қол қою ұзақ уақыт алады. Ол үшін Еуропалық комиссиясының және одаққа мүше елдердің келісімін алу қажет.
EuroFest-те әр ел өз мәдениетін ғана емес, туристік әлеуетін де таныстырды. Мәселен, Польша павильонында қонақтарға елдің көрікті жерлері мен тарихи орындары жайлы ақпарат берілді.
Михал Лебеда, Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Бүгінгі іс-шарамыз - ортақ мерекеміз. Біз Еуропа бірлігінің, ынтымақтастығын насихаттаймыз. Бізге бүгін келсеңіз, поляк естеліктеріміз бар. Келіңіз, көріңіз. Мысалы, Польшаға бару үшін қандай қалаларға сапар шегуге болатынын, не көру керек осы туралы мағлұмат ала аласыздар. Қызық қалалардың тізімі өте ұзын. Сондықтан қай қаланы алсақ та, тарих - көп нәрсені көруге болады.
Фестиваль биыл да қайырымдылық миссиясын жалғастырды. Шара барысында жиналған қаражат жергілікті әлеуметтік жобаларды қолдауға жұмсалады.
Айта өтейік, шара елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.


Бөлісу