Мәдениет және өнер майталмандарына құрмет көрсетілді
Алматы облысында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада өңірдің руханияты мен мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары марапатталды. Мерекелік басқосуға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері, музей, кітапхана, мәдениет үйлерінің директорлары бастаған барлық сала қызметкерлері қатысты.
Салтанатты жиында «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімінің алғыс хаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ үздік мәдениет үйі, кітапхана, музей және өнер ұжымдары арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Облыс әкімі соңғы жылдары өңірдегі мәдениет нысандарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
Соңғы үш жылда 30-дан аса мәдениет нысандарына түрлі құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай облыс аумағында 3 кітапхана модернизациядан өтіп, пайдалануға берілді. Биыл тағы 2 кітапхана беріледі.
Марапат иелері бұл құрметті мәдениет саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі дейді. Олардың қатарында музей, кітапхана және өнер ұжымдарының қызметкерлері бар.
Дәулет Дәркембайұлы, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры:
Бұл талай жылғы еңбектің нәтижесі. Соның берілген әділ бағасы деп ойлаймын.Көптеген жылдар бойы облысымызға, мәдениетімізге, өнерімізге қызмет жасап жүрміз. Соны басшыларымыз біліп, ескеріп, беріп жатқанына өте қуаныштымын.
Салтанат Жамбылова, Ж. Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музей директоры:
Темір тұлпар алып отырмыз. Мұның өзі еліміздің облыс басшыларының, мәдениет басқармасының бізге артқан үлкен сенімі деп білемін.
Салтанатты шара облыс өнерпаздары мен белгілі эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты. Концерт барысында көрермендерге ұлттық және эстрадалық әндер мен билерден құрылған арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы