Басты Жаңалықтар Алматыда көлік қою күрделі мәселеге айналды

Алматыда көлік қою күрделі мәселеге айналды

Алматыда көпқабатты ескі үйлердің тұрғындары көлік қоятын орын таппай қиналып жүр. Ауласы тар, арнайы тұрақ қарастырылмағандықтан, жұрт автокөліктерін көшеге қоюға мәжбүр. Алайда қазір қаладағы көшелердің басым бөлігі ақылы тұраққа айналған. Дер кезінде төлем жасалмаса, айыппұл келеді. Енді бұл мәселені әкімдік резиденттік абонемент жүйесі арқылы шешпек.

Алматыда көлік саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе, ескі ықшамаудандарда тұрақ мәселесі ушығып тұр. Себебі, бұрын салынған үйлердің ауласында көлікке арналған орын мүлде қарастырылмаған. Сондықтан жүргізушілер амалсыз көліктерін ақылы жол жиегіне қояды. Тұрғындардың айтуынша, тіпті аз уақытқа тоқтағанның өзінде ақы талап етіледі.

-         Келеміз, тұрамыз. Басқа қай жаққа қоямыз. Двордың ішінде қоятын орын жоқ. Мына жерге тұрасың ана бір түсіріп кететін камерамен машинасы бар кішкентай. Түсіріп кетеді. Төлемесең ертесіне штраф келіп тұрады.

- Ескі үйлерде бұл қарастырылмағаннан кейін амал жоқ жолдың бойына тұрғындарға отдельно орындар беру керек деп ойлаймын. Жыл сайын адам саны көбейіп келе жатыр Алматыда. Халық саны көбейгеннен кейін машинада көбейіп келе жатыр. Әр үйде жоқ дегенде 2-3 машинадан.

-         Енді әкімдік осы мәселені шешу үшін резиденттік абонемент жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Яғни тұрғындар үйлерінің маңындағы ақылы тұрақтарға көліктерін тегін қоя алады. Бірақ тегін орын тек белгілі талаптарға сай келген жүргізушілерге беріледі.

Ержан Диханбаев, қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы:
Егер тұрғынның өзі пәтері мен көлігі болса, оған тұрақтан бір орын тегін беріледі. Ал егер пәтер жалдаушы болса, бұл дерек тіркелуі тиіс. Мысалы, сол мекенжайда тұратынын дәлелдеуі керек. Бұл жұмысты Әділет органдары арқылы міндетті түрде пысықтаймыз. Осы жоспар бойынша бір пәтерге бір тегін орын бөлінеді.
Қазір жоба қарастырылып жатыр. Егер бастама қолдау тапса, тұрғындар өз үйлерінің маңында көліктерін тегін қою мүмкіндігіне ие болады. Әкімдік бұл қадам қаладағы тұрақ мәселесін реттеуге және көлік жүктемесін азайтуға көмектеседі деп отыр.


Бөлісу