Президент Токио губернаторын қабылдады
Мемлекет басшысы елімізге келген Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады. Президент бұл сапардың Қазақстан мен Жапония арасында орнаған кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын, мұның символдық мәні бар екенін атап өтті. Сондай-ақ Юрико Коикэнің жетекшілігімен Токио әлемдегі ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанын айтты. Президент Жапонияға былтыр жасаған ресми сапары нәтижесінде екіжақты қарым-қатынас жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгенін де тілге тиек етті. Енді Қазақстан Токионың «Ақылды қала» бағдарламасына қызығушылық танытып отыр. Себебі елімізде де Smart City тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Президент мәртебелі мейманның сапары арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді деді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы