Түркі елдері ортақ терминология қалыптастырғысы келеді
Түркі тарихын бірлесе жазу мен ортақ терминология қалыптастыру – бүгінгі түркі халықтарының алдында тұрған маңызды міндет. Бұл бауырлас елдердің рухани байланысын күшейтіп, тарихи тұтастығын нығайтады. Алматыда басталған халықаралық симпозиумда шетелдік ғалымдар осындай пікір білдірді. Жиын түркі әлемінің көрнекті қайраткерлерінің басын қосқан Түркология құрылтайының 100 жылдығына арналды. Бір ғасыр бұрын Бакуде өткен тарихи құрылтайға ағартушы, қоғам қайраткері, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлы қатысып, түркі дүниесіне ортақ мәселелерді талқылауға үлес қосқан. «Құрылтай ғылыми жиын ғана емес, түркі халықтарының зиялыларын ортақ мәдени мұра, рухани бірегейлік идеясы төңірегіне топтастырған тарихи алаң болды», - дейді ғалымдар.
Тарихи құрылтайға қатысқан түркі дүниесінің көптеген зиялылары ХХ ғасырдың 30-жылдарының соңында қуғын-сүргінге ұшырады. Бірақ олардың көтерген идеялары мен бастаған игі істері уақыт тезінен өтіп, бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Арада бір ғасыр өтсе де, түркі халықтарының өкілдері қайта бас қосып, ортақ түркі әліпбиі, ортақ тарих пен мәдениет, түркология ғылымының даму бағыттарын талқылап жатыр.
Алфавит мәселесін қарастырған. Не үшін қарастырған? Өйткені, елді біріктірудің ұлтты жақындатудың бірінші құралы – тіл. Ал тілді жазу арқылы жақындатады. Әрбір ел өзінің тілінде сөйлей береді, жазбасы жақындаса, бірігеді.
Халықаралық симпозиум ертең де жалғасады. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген белгілі ғалымдар Бірінші түркология құрылтайының тарихи маңызы, түркология ғылымының дамуы, ортақ терминология мен әліпби, мәдени мұра және түркі әлемінің ғылыми интеграция мәселелерін талқылайды.
Түркі дүниесінің тарихын, білімін, ғылымын бірігіп насихаттау, зерттеу және келешек жастарға қалдыру осы шарада қоятын негізгі сұрақтарымыздың бірі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы