Басты Жаңалықтар Астана үстел теннисінен әлем чемпионатына дайындалуда

Астана үстел теннисінен әлем чемпионатына дайындалуда

Тура бір жылдан соң елордада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді. Оған 100-ге жуық елдің мыңға тарта өкілі қатысады. Мұндай ірі спорттық шара Орта Азия мемлекеттері ішінде алғашқы болып Қазақстан ұйымдастырмақ.

Астана әлем біріншілігін өткізуге дайын. Қазақстан үстел теннисі федерациясы біріншіліктің ресми таныстырылымын өткізді.

Бұл байрақты бәсеке – Лос-Анджелес Олимпиадасы алдындағы іріктеу жарысы. Спортшылар жүлдеге таласып қана қоймай рейтингтегі жағдайын жақсартуға барын салады. Додаға әлем және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен чемпиондары қатысады.
Серік Жарасбаев, Туризм және спорт министрінің орынбасары:
Бірнеше ай бұрын халықаралық арнайы тех.делегаттар келіп, халықаралық федерацияның басшылары осы Астанада қандай спорпттық нысандар бар. Олардың қандай ерекшелігі бар, қонақ үйлердің бәрін тексеріп, инфрақұрылымын әуежайдан бастап, теннис үстеліне дейін қарастырып, зерттеп шықты.

Біріншілікке қатысатын спортшылар мен делегация мүшелері үшін барлық жағдай жасалған.

Елсияр Қанағатов, Үстел теннисі федерациясының вице-президенті:

Халықаралық федерацияның шешімімен, Франция елімен сайысқа түсіп біз ұтып алдық. Өте бір тарихи оқиға деп айтуға болады. Неге десеңіздер Орталық Азиядағы ең бірінші мемлекет Қазақстан осы спорт түрінен үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізгелі отыр.

Байрақты бәсеке келер жылы 22-30 мамыр аралығында өтеді. Ел намысын халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген үздіктер қорғайды. Оларды дайындау үшін шетелден арнайы маман шақырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс елдегі үстел теннисінің дамуына серпін беріп қана қоймай, туризм саласына да пайда әкеледі. Жарыс Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтпек.


Бөлісу