Су өңірлерге лимитпен беріледі
Еліміз көрші мемлекеттерден 1 млрд текше метр су алмақ. Өйткені өзімізде тіршілік нәрі тапшы. Сондықтан су өңірлерге лимитпен беріледі. Ал бидай және күріш алқаптары қысқартылады. Бұл бағаға қалай әсер етеді? Неге Ауыл шаруашылығы министрлігі диқандарды өз өнімін сақтандыруға шақырып отыр? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен тарқатсын.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Су тапшылығы болады. Сондықтан әр облыс үшін лимиттерін бекіттік пе, соны қатаң бақылау керек.
Иә, енді тиісті министрліктің рұқсатынсыз өңірлерге артық бір тамшы су берілмейді. Алқаптар қысқартылып, әр облысқа мынадай мөлшерлеме бекітілді.
Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:
Қызылорда облысы бойынша күріш алқабы 70 мың гектарға дейін қысқартылды. Оның су лимиті 3,2 млрд текше метр. Түркістан облысы бойынша 3,8 млрд текше метр деп белгілеп отырмыз. Одан бөлек Жамбыл облысында 900 млн текше метрге белгілеп отырмыз. Осы лимиттің шеңберінде егістік егіледі.
Елдегі су тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Жауаптылардың еліміздің трансшекаралық суға зәру екенімізді айтып келе жатқаны қашан?! Биыл да көршілерімізден 11 млрд текше метр тіршілік нәрін сұрап отырмыз.
Дәнді дақылдар алқабы 127 мың гектарға қысқарды
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Құрғақшылық қаупі төніп тұрған оңтүстік өңірлерде су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану көзделіп отыр. Оған қоса суды көп талап ететін бидай, күріш және мақта сынды дақылдардың алқаптары қысқартылып жатыр. Жауапты мминистрлік өкілдері бұл бағаға ешқалай әсер етпейді деп отыр.
Суды заңсыз пайдаланғандарға ₸41 млн айыппұл салынды
Жалпы, биыл судың сұрауы қатаң болайын деп тұр. Су ресурстары және ирригация министрі тіршілік нәрін заңсыз пайдаланғандарға жаза күшейетінін айтты. Енді су бойынша алыс-беріс тек электронды жүйе арқылы жүзеге аспақ.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
Фермерлермен су беру бойынша шарттарды жасасу рәсімін электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Енгізіліп жатқан ақпараттық жүйе сумен қамтамасыз етудің толық циклін қамтиды: өтініш беру мен шарт жасасудан бастап, нақты су тұтынуды есепке алу және оны төлеуге дейін. Қазіргі уақытта 25 мыңнан астам электрондық шарт жасалған.
Былтыр бір ғана Түркістан облысының өзінде 800 мың текше метр су заңсыз алынған. Ал биыл 100-ге жуық заңбұзушылық тіркеліп, ереже елемегендерге 41 млн теңге айыппұл салыныпты. Көктемгі дала жұмыстары пысықталған жиында Үкімет басшысы тиісті министрліктерге науқанды жоспарға сай аяқтауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Басты міндет – егіс науқанын сапалы жүргізу. Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалды. Агротехникалық талаптар белгіленген нормаға сай мүлтіксіз орындалуы тиіс.
Дәнді және майлы дақылдарды сақтандыруға болады
Су тапшылығымен қоса шегірткелер де егінге залал келтіруі мүмкін. Көрші мемлекеттерде зиянкестер 1 млн гектардан астам алқапты ойрандаған. Сондықтан біздің елде де 2 млн гектар жерді өңдеу көзделіп отыр.
Құрғақшылық қаупі төніп, зиянкестерден үрейленген диқандарды Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімдерін сақтандыруға шақырды. Бағдарламаға қатысатын шаруалардың 80 пайыз шығынын өтеп береміз деп отыр. Сондай-ақ биыл диқандарға дизель отыны нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан сатылып жатыр. Оған қоса саланы серпілтуге 1 трлн теңге бөлінген. Оның 750 млн теңгесі көктемгі дала жұмыстарына бағытталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы