Саяси жүйеде ауқымды реформалар іске асады
Елде ауқымды саяси реформалар қабылданады. Қос палата бүгін Президент туралы жаңа Конституциялық заң жобасын, Құрылтай мен депутаттардың мәртебесіне қатысты заңды және сайлау жүйесіне өзгерістер туралы құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Бұрын шешім бір орталыққа тәуелді болса, енді Парламенттің де, қоғамдық институттардың да ықпалы күшеймек. Құрылтайға ресми саяси статус беріледі. Ол енді жиын ғана емес, қоғам пікірін билікке жеткізетін нақты механизмге айналады.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Құрылтайдың жұмыс істеу регламенті, Конституциялық заң жобасы жан-жақты талқыланды. Депутаттың мәдениеті, оның мәртебесі туралы мәселелер бүгін күн тәртібінде болды. Әдеп жөніндегі уәкілетті орган құрылады. Ол фракция мүшелерінен тұратын болады. Ол сайланады.
Вице-президент лауазымы енгізілмек. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен Құрылтайда, Үкіметте өкілдік етеді. Лауазымды тұлғаларды тағайындау тәртібі де өзгереді. Президент Премьер-министрді, Жоғарғы соттың судьяларын жаңа заң шығарушы орган – Құрылтаймен келіседі. Ал Бас прокурорды, Конституциялық Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын өзі тағайындайды.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл халықтың билікке деген сенімін арттыру мақсатында қабылданып отырған заң деп айтуға болады. Президенттің өкілеттілігі айқындалды. Ол 1 мезгілге және 7 жылға сайланады. Оның жақын туыстары мемлекеттік секторда жұмыс істей алмайды деген қағидаттар белгіленді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы