Астанада «Анаға тағзым» аллеясы ашылды
Елордада «Анаға тағзым» аллеясы ашылды. Оған белсенді аналардың өздері мұрындық болды. Қолдарына күрек алып, 50 түп ағашын отырғызды.
Гүлмайра Тұрғанбаева, «Бабалар аманаты» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
Мынадай ағашты өсіріп, соған қамқорлық жасап жатырмыз. Біздің ұрпақтарымыз да осылай өсіп-өніп, көктеп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, осындай игі істеріміз көбінен болсын.
Аналар үшін бұл жайға ғана аллея емес, ұрпаққа қалдырар тағылымды мұра. «Анаға тағзым» аллеясының ашылуында 50 түп ағашын отырғызды. Олардың қатарында Аналар кеңесінің мүшелері, ардагер ұстаздар, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар мен қазақ өнерінің көрнекті өкілдері бар.
Светлана Айтбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Қазақ өзі жақсы тілек айтқанда жапырағың жайылсын деген тілек айтады ғой, жапырақ ана арқылы жайылады, ана арқылы ұрпақ дүниеге келеді, өседі, өнеді. Сол аналар сияқты біздің ағашымыздың да жапырағы жайылып жанға сая, әдемі жер болсын деп тілеймін.
Шара Халықаралық отбасы және аналар күні, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. Аллеяның ашылуы көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқа табыстау рәсіміне ұласты. Бұл марапаттарға 20-ға жуық ана ие болды.
Аида Әнет, «Күміс алқа» иегері:
Бүгін міне, «Күміс алқа» иегері атанып жатырмын, 6 балапанымның арқасында. Осы Аналар аллеясы ашылып жатыр екен, оған өте қуаныштымыз, аналарды құрметтеп ашып жатқандарыңызға және алдағы уақытта балаларыммен келіп демалуға ниеттеміз.
Отырғызылған көшеттер үміт пен болашаққа деген сенімнің көрінісі, дейді ұйымдастырушылар. Осылайша аллея отбасылық демалыс пен тәрбиелік маңызы бар кездесулер өтетін орынға айналмақ. Белсенді аналар игі істі еліміздің өзге аймақтарына эстафета ретінде жолдады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы