Басты Жаңалықтар Саз бен сөздің саңлағы Ілия Жақанов 90 жаста

Саз бен сөздің саңлағы Ілия Жақанов 90 жаста

Қазақстанның еңбек ері, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, жазушы-ғалым Ілия Жақанов 90 жасқа толды. Өнер мен руханиятты қатар өрбіткен бірегей тұлғаның мерейтойы ел көлемінде кеңінен аталып өтуде. Осыған орай Атырауда абыз сазгердің құрметіне арналған фотокөрме мен мерекелік кеш ұйымдастырылып, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер жұртшылық бас қосты.

Ілия Жақанов композитор, музыка зерттеушісі ретінде кеңінен танылған дара тұлға. Атырауға қоныс аударғалы бойындағы тағы бір таланты ашылды. Суретшілік арманына қанат бітіп, қылқаламды да серік етті. Бүгінде 90-ға келсе де кенеп пен қылқаламды қолынан тастаған емес. Қазақ музыкасының абызына айналған тұлға туралы фотокөрме Жақановтың сан қырынан сыр шертеді.

Мереке Құлкенов, ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

Бұл кісінің ерекшелігі жан-жақты өнердің бәріне қатысқан адам. Ол музыка бола ма, ол әдебиет бола ма, ол театр бола ма, ол ғылыми жұмыстар бола ма міне, осының бәрінде де Ілия Жақановтың фамилиясы жарқырап тұрады.

Ілия Жақанов, Қазақстанның Еңбек ері, композитор:

Атырауда менікі, Орал да менікі, Маңғыстау да менікі, Баянауыл да менікі, Қарқаралы да менікі, Жаңаарқа да менікі. Бәрі менікі. Менің ұлы далам. Сол ұлы даланың перзентімін мен.

Ілия Жақановтың тағы бір ерекше қыры – жазушылығы мен аудармашылығы. Оның роман, повесть, эсселері бүгінде қазақ әдебиетінің алтын қорына енген. Ұлттық музыкамызбен ұлы қайраткерлерімізді зерттеп, зерделеу жұмыстарында Ілия Жақанов аянбай еңбек етті.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Ілия Жақановтың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл фотокөрме көрерменді бір сәтте өткен ғасырлар қойнауына жетелейді. Мұндағы әр сурет – бір тарих, әр кадр – бір тағдыр. Композитордың шығармашылық жолы мен қазақ өнеріне сіңірген еңбегі осы фотосуреттер арқылы сөйлеп тұр.

Іс-шаралар легі әрмен қарай мерекелік кешпен жалғасты. Ілия Жақанов бойындағы өнерімен елдің өзіндік картасын өрнектеген тұлға. Мысалы, Сарыарқада Арқаның аруы, Балқантау секілді әндер жазып, Толағай деп толғанса, Оңтүстікте Алматы кешінде Жайлаукөл кештері сияқты туындыларына жарық сыйлап, Арыс деп ағынан жарылған. Ал Батыста ел аузынан түспеген Еділ мен Жайығын жырлады.

Сәуле Жанпейісова, дәстүрлі әнші:

Ілия ағаның әндерін бала күннен құлағымызға сіңіріп өстік. Мінеки бүгінде ағаның 100-ден аса әндері бар. Сол әндердің барлығын халық шырқап айтып жатады. Елге насихаттауда біз де өзімізше үлес қосып жүрміз.

Қаламы қарымды жазушы, талантты аудармашы, музыка зерттеушісі, көрнекті композитор, дарынды суретші. Илья Жақановтың шығармашылық әлемі аса кең. Қай саласына көз жүгіртсек те еселі еңбек пен ұлт мұрасына деген жанашырлығы жатыр.


Бөлісу