ҰОС ардагеріне «Халық қаһарманы» атағы берілді
Президент Ұлы Отан соғысы ардагеріне «Халық қаһарманы» атағын берді. Қан майданда көрсеткен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовтің ұлына «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені табысталды. Берлинге дейін жауды қуып, жанкештілік танытқан батыр туралы тілшіміздің бейнематериалы.
Ел аспанын қара бұлт торлап, қайғы-мұң төнген қилы кезеңде ойланбастан майданға аттанған Кенжебай Мәденовтің ұрпағы бұл марапатты ұзақ күткенін айтады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ел басына күн туғанда қолына қару алып, жерін қорғаған батырға «Халық қаһарманы» атағы берілуі – марқұмға көрсетілген құрметтің шыңы дейді олар.
Махамбет Мәденов, «Халық қаһарманы» К. Мәденовтің ұлы:
Айтатын сөз көп. Өзім әлі де сенер-сенбесімді білмей тұрмын. Атырау жерінде осы марапатты күтіп жүрген қаншама адам бар.
Кенжебай Мәденов — Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ офицері, Қызыл армияның лейтенанты. Ол 1945 жылдың сәуір айында Берлинді шабуылдауға қатысып, соңғы шайқастарда ерекше ерлік көрсеткен.
1943 жылдың қараша айында майданға шақырылып, Донбасс, Днепр, Буг, Бессарабия, Висла, Одер және Берлин шайқастарына қатысқан. Кенжебай Мәденов небәрі 20 жасында атқыштар взводын басқарып, бірнеше мәрте ауыр жарақат алса да маңызды шабуылдарда асқан ерлігімен ерекшеленген.
Махамбет Мәденов, «Халық қаһарманы» К. Мәденовтің ұлы:
Маршал Жуков өзінің естелігінде біздің жерімізден шыққан қазақты, яғни әкемізді атап өтеді. 30 сәуірде Берлин ратушасына, Үкімет орналасқан ғимаратқа, алғаш болып кірген – лейтенант Кенжебай Мәденов деп жазады.
Соғыс аяқталғаннан кейін Кенжебай Мәденов Гурьев облысында мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеді. Отан үшін от кешіп, бейбіт өмір сыйлаған ардагердің өмірден озғанына биыл 52 жыл. Бүгінде батырдың ізін жалғаған 4 ұлы, екі қызы бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы