Басты Жаңалықтар Шымкентте биыл қоқыс өңдейтін зауыт салынады

Шымкентте биыл қоқыс өңдейтін зауыт салынады

Шымкентте биыл қоқыс өңдейтін зауыт салынады. Ал алдағы үш жылда тұрмыстық қалдықтарды термиялық жолмен өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін кешен бой көтереді. Қоқысты кәдеге жарату үшін оны үйден шықпай тұрып сұрыптау өте маңызды. Сондықтан ерікті жастар бүгін тұрғындарға тұрмыстық қалдықты сұрыптаудың тәртібін түсіндірді.

Экологиялық мәдениетті ту еткен еріктілер әуелі орталық саябақты қоқыстан тазартты. Қалдықтарды арнайы қаптарға сұрыптап, жинады. Жасыл желекті  суарды. Игі іске атсалысқан «Экобек» пен «Эконай» кейіпкерлері тұрғындарға табиғатты аялаудың маңызын түсіндірді.
Жазира Омарова, ерікті:
Бір адамның өзі осылай тазалықты сақтап, қоқыс тастамаса бұл деген әлемде миллиондаған адам экологияға өз үлесін қосқаны болып есептеледі ғой. Тазалық тек мәдениетке емес жауапкершілікке де жатады деп ойлаймын.
Тазалық қоқысты жинаумен шектелмейді. Ең бастысы – оны дұрыс сұрыптау. Сондықтан, Шымкентте қалдықтарды бөлек жинауға арналған пилоттық жоба іске қосылды. Ескі контейнерлерді жаңасы алмастырды. Қайта өңделетін қағаз, пластик, шыны және алюминий бөлек салынады.
Мұқан Молдадосов, Шымкент тұрғыны:
Пластмасса, шыны заттарды да бөлек бөлек әрқайсысын тастап жатырмыз. Мына қоқыстарды сұрыптау мәдениеті бойынша да өте қолайлы. Өйткені бұны ол жаққа жинағаннан кейін қайта өңдеуге де ыңғайлы деп ойлаймын.
Ал Еуропа елдерінде қағаз бен пластиктің шамамен 80 пайызы қайта өңделеді. Қарт құрлықта тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды үйден шықпай ақ түстері бойынша бөлінген арнайы пакеттерге салады. Ал қайта өңдеуге жарамайтын бөлігі ақ пакетке салынып, тек белгіленген күндері ғана есік алдындағы арнайы контейнерлерге шығарылады. Тәртіп сақталмаған жағдайда 250 еуроға дейін айыппұл салынады.
Фредерик Бойэ, Брюссель тұрғыны:
Көк түсті, сары түсті дорбалар сатып алып, оған қоқысты сұрыптап салуды балаларға кішкентайынан үйретеміз. Сосын ұл қыздарымызды қоқыс өңдеу зауытына әкеліп, ол қоқыстардан не жасалатынын көрсетеміз. Ысырапқа жол берілмейтінін, барлық қалдық кәдеге жаратылатынын көріп, олардың да көшеге қоқыс лақтыруға қолы бармайды. Табиғатты аялауға бәріміз үлес қосуымыз керек.
Ал біздің елде былтыр 5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, тек 1 миллион тоннасы ғана сұрыпталған. Оның тек 25 пайызы ғана қайта өңделген. Себебі, өңдейтін өндіріс аз. Сондықтан биыл Шымкентте инвестор есебінен жаңа қоқыс сұрыптау зауыты салынады.
Құдірет Айтураев, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы:
Келісімшарт аясында жылына 300 мың тоннаға жуық қоқыс сұрыптайтын зауыт салады. Бұл зауыттың бастамасы осы жылы басталып, 2027 жылдың аяғына қарай аяқталып, пайдалануға беру жоспарда.
Әлемдік тәжірибеде өңдеуге жарамайтын қоқыстар өртеліп, одан электрэнергиясы өндіріледі. Пайдасы орасан жоба Шымкентте де жүзеге аспақ. Қалдықтарды термиялық жолмен өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысы биыл басталады. 2028 жылы кешен іске қосылады.


Бөлісу