Коул Алленге АҚШ президентін өлтірмек болды деген айып тақты
АҚШ-та калифорниялық мұғалім президент Дональд Трампқа қастандық жасау әрекеті үшін қалған өмірін түрмеде өткізуі мүмкін. Жалпы алғанда сенбі күні Вашингтондағы қонақ үйдегі оқиға Құрама Штаттар лидері аман қалмағанда Американы кім басқарар еді деген мәселені күн тәртібіне қайта шығарды.
Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Вашингтондағы Федералдық сот Ақ үй тілшілері қауымдастығының кешінде оқ атқан күдікті Коул Томас Алленге президент Дональд Трампты өлтірмек болды деген айып тақты. Сонымен қатар 31 жастағы калифорниялық мұғалімге қылмыс кезінде отты қару ұстады және сол арсеналды штаттар арасында қастандық үшін тасымалдады деген кінә тағылып отыр.
Алленнің өзі әзірге айыпты мойындау немесе мойындамау жөнінде мәлімдеме жасаған жоқ. Америка заңы бойынша оның әрекеті «ішкі терроризм» ретінде сипатталып, күдікті өмірбақи түрме жазасына кесілуі мүмкін.
Тодд Бланш, АҚШ бас прокурорының м.а.:
Бүгін Әділет министрлігі Америка Құрама Штаттарының округтік сотында Коул Томас Алленге қарсы үш федералдық айып тақты. Солардың біріншісі – АҚШ президентіне қастандық жасау әрекеті. Бұндай қылмыс жасағандар өмірбақи бас бостандығынан айыру бабымен жазаланады.
АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының мәліметінше, Аллен «Вашингтон Хилтон» отеліндегі нөмірді сәуірдің 6-да броньдап, Калифорниядан ел астанасына өткен аптада пойызбен жеткен. Ал сенбі күні ол кеш өтіп жатқан залдың үстіндегі қабаттағы бақылау-өткізу пунктінде оқ жаудырып, құпия қызметтің бір агентін жаралады. Алайда, атыс кезінде шабуылшының өзі зардап шекпей тұтқындалды. Оқиға барысында төменгі қабаттағы меймандар стөлдің астында жасырынса, Трамп дереу қауіпсіз жерге әкетілді.
Тодд Бланш, АҚШ бас прокурорының м.а.:
Анығын айтқым келеді. Бұл адам бал өтіп жатқан залдың үстінде жүрген. Дегенмен онымен Құрама Штаттар президентінің арасында жүздеген федералдық агент болды. Әділет министрлігі мұндай оқиғалар кезінде шұғыл әрі қырағылықпен әрекет етеді. Азаматтық өмірде зорлық-зомбылыққа жол берілмеуі керек.
Гала-кештегі атыс адам өліміне әкелген жоқ. Бірақ бұл инцидент тура 2001 жылғы 11-ші қыркүйек трагедиясы кезіндегідей, мемлекет лидерлері түгелдей қырылып қалса, Американы кім басқарады деген мәселені күн тәртібіне қайта шығарды.
АҚШ Конституциясы бойынша президент пен вице-президент елге жетекшілік ету мүмкіндігінен айрылған жағдайда билік тізгіні өкілдер палатасының спикері Майк Джонсонның қолына өтеді. Ал егер Джонсон да қызметке жарамай қалса, кезек Сенат төрағасына, яғни 92 жастағы республикалық сенатор Чак Грасслейге жетуі мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы