Басты Жаңалықтар Қазақстанда Ресейдің мәдениет күндері басталды

Қазақстанда Ресейдің мәдениет күндері басталды


Қазақстанда Ресейдің мәдениет күндері басталды. Шара аясында елорда тұрғындары көрші елдің өнерімен танысып, үздік фильмдерін тамашалай алады. Жоба екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.

Мәдениет күндері аясында алдымен сала мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиында музей ісі, театр, білім беру және кино бағытындағы әріптестік мәселелері талқыланды. Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұған дейін көтерілген бастамалардың нақты нәтижесін бере бастағанын атап өтті. Ал Ресей мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев мәдени байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын жеткізді.

Андрей Малышев, Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары:

Ұзақ жылдар бойы қос тарап бір-бірін жылы қабылдап, бірлескен талай жобалар жасап келеді. Себебі өнерде шекара жоқ. Былтыр Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері аясында өте талантты театр әртістері, балет труппалары, опера әншілері келіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шара жоғары деңгейде өтті.

Дөңгелек үстелде мәдениет саласының бірнеше саласы қамтылып, бірқатар нақты жобаларға келісім жасалды. Қазақстан Ұлттық музейі мен Ресей этнографиялық музейі бірлесіп этнографиялық материалдар каталогын әзірлеуге кіріскен. Сондай-ақ, жиында Мемлекеттік Эрмитажбен бірге 2027 жылға жоспарланған археологиялық көрмелерге дайындық басталғаны атап өтілді.

Юлия Купина, Ресей этнографиялық музейінің директоры:

Біз Қазақстан тарапымен әрдайым тығыз байланыстамыз. Бүгін осы әріптестікті қайта жаңғырту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойдық. Біздің этнографиялық музей мен Қазақстанның Ұлттық музейі арасындағы ынтымақтастық өте маңызды. Өйткені мұнда білікті мамандар жұмыс істейтінін білеміз. Бірлесе отырып каталог дайындаймыз. Бұл –үлкен еңбек.

Реставрация саласындағы әріптестік арта түспек. Қазақстандық мамандар Ресей орталықтарынан тағылымдамадан өтпек. Шекаралас аймақтағы музейлер архив ісі бойынша бірлескен жұмыстар атқармақ. Тараптар бірлесіп фильм түсіруге басымдық бермек «РОСКИНО» ұйымы ортақ жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Ал «Қазақфильм» киностудиясы «Уақыт» фильмі бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Түсірілім Қазақстан мен Ресей аумағында өтеді деп жоспарланған.

Мәдениет күндері аясында Ресей киносының фестивалі өтіп жатыр. Шара бағдарламасында ауқымды аудиторияға арналған түрлі жанрдағы фильмдер бар. Бұл ең алдымен тәжірибе алмасып, мәдние байланысты дамыту үшін жасалатын қадам, дейді меймандар.

Эльза Антонова, «Роскино» бас директоры:

Біз қазақстандық көрерменге бүкіл әлем көрермендерінің сүйіспеншілігіне ие болған фильмдерді ұсынатынымызға қуаныштымыз. Мәдени диалогтың бір бөлігі болу және Астанада заманауи киносының үздік үлгілерін көрсету біз үшін үлкен мәртебе.

Мәдени шаралар легі Ресей өнерпаздарының гала-концертімен жалғасты. Өнер мен руханият тоғысқан тағылымды кеш компазициясымен ерекшеледі. Төрт бөлімнен тұратын қойылымға жыл мезгілдерінің табиғи үйлесімі арқау болып, халықтар достығын дәріптелді. Сахнада Ресейдің көпұлтты мәдениеті айқын көрініс тапты. Түрлі этнос өкілдері ұлттық билерін билеп, әнін орындады. Әсіресе хомус үнімен орындалған шығарма көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Ольга Хомова, «Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық капелласының» бас директоры:

Керемет! Бұл менің Астанадаға бірінші рет келуім. Қала ұнап жатыр. Бұған дейін Санкт-Петербургке келген қазақстандық әріптестерімізден көп естідім. Бүгін өз көзіммен көріп таңқалдым. Жалпы, мұндағы музыкалық ұжымдардың деңгейі өте жоғары. Осы сапар аясында мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Болашақта қазақстандық музыкалық институттар, театрлармен бірлескен жобалардың ауқымы арта түседі деп ойлаймын.

Александр Совостьянов, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры:

Ең бастысы, бұл достық! Екі елдің көптеген жылдар бойы сақталып, дамып келе жатқан мұрамыздың жалғасы және бұл бауырластықты насихаттайтын концерт болмақ.

Жалпы, мұндай мәдени жобалар екі ел арасындағы шығармашылық байланысты тереңдетіп, тәжірибе алмасуға жол ашады. Ортақ бастамалар өнер мен мәдениет саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.


Бөлісу