Басты Жаңалықтар Тұрғындар балаларын мектепке жіберуге қорықады

Тұрғындар балаларын мектепке жіберуге қорықады

Петропавл қаласындағы Жұмысшы кентінің тұрғындары бұралқы иттердің кесірінен балаларын мектепке жіберуге қорқады. Жұртшылықтың айтуынша, топтасып жүрген иттер ересектерге де шабуылдайды. Жыл басынан бері облыс бойынша 150-ге жуық адамды ит қапқан. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетіліп, құтыру ауруына қарсы екпе салынды. Жұмысшы кенті жеке сектор болғандықтан, бұралқы иттер көп жүреді. Көктем шыққалы бірнеше баланы қауып алған. Жапа жегушілер жауапты органдарға шағымданғандарын айтады. 2023 жылдан бастап иесіз жануарлар санын реттеу ветеринария саласына жүктелді. Талапқа сәйкес, иттерді аулап, екпе салып, агрессиясы жоқтарын қайта босату қарастырылған. Алайда жануарларды уақытша ұстайтын арнайы орындар тапшы. Сондықтан бұралқы иттердің саны азаймай отыр.

Лариса Малкова, зейнеткер:

Немеремді ит қауып алды. Мектепке кетіп бара жатқанда бірнешеуі шабуылдапты. Көрші дер кезінде байқап, күрекпен баланы арашалап алған. Қазір өзі жалғаз көшеге шығуға қорқады. Күнде алаңдап отырамыз.

3 айда 1700-ден аса адам жануардан зардап шеккен

Ал Алматыда үш айдың ішінде 1700-ден астам адам жануарлардан зардап шеккен. Бұл былтырмен салыстырғанда, 20 пайызға жоғары дейді мамандар.  Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жарақат алғандардың 63%-ын бұралқы иттер қапқан. Зардап шеккендердің 450-і – балалар мен жасөспірімдер, қалғаны – ересектер. Мамандардың айтуынша, әсіресе қаңғыбас иттер мен жабайы жануарлардан келетін қауіп жоғары. Сондықтан құтырма ауруының алдын алу шараларына бей-жай қарамауға шақырып отыр. Себебі құтырма – жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті вирустық инфекция. Ол ауру жұқтырған жануар тістеп алғанда таралады. Дертті асқындырып алмас үшін дереу дәрігерлерге жүгінген жөн дейді мамандар.

Жайдаркүл Отарбекова, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

Құтырма вирусынан құтылу, болмаса, ауруды болдырмау жолы - вакцинация ғана. Басқа ешқандай көмек көрсете алмайды. Медициналық көмек алғашында көрсетіледі. Жуады, өңдейді, таңады. Бірақ вакцинаны алу қажет. Егер қаңғыбас иттердің мәселесі өзекті болмаса, адамдардың зардап шегуі жоғарыламас еді.
Бөлісу