Қазақстан келер жылы электр энергиясы тапшылығынан толық арылады
Қазақстан жылу электр станцияларын таза көмір технологиясымен жаңғыртпақ. Бұл ауаға тарайтын зиянды заттарды азайтуға сеп болады. Сондай-ақ жасыл энергия көздерінің үлесін 15 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ең бастысы елде электр энергиясы тапшылығы толық жойылады. Бүгін Астанада өңірлік экологиялық саммит басталды. Алғаш рет өтіп жатқан жиынға 8 елдің президенті мен премьер-министрі, сондай-ақ беделді халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр.
Орталық Азия мен Кавказ елдерінің президенттері, үкімет басшылары және Еуропалық Одақтың, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Таяу Шығыстың шамамен 1500 өкілі Арқа төсіндегі Астанада бас қосты. Бүгін басталған жиынның маңызы орасан. Өйткені таразы басында адамзаттың, ең алдымен өскелең ұрпақтың болашағы тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз. Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр.Иә, экология мәселесі шекара таңдамайды. Демек мақсат ортақ. Қазақстан өңірдің «жасыл» трансформациясының көшбасшысы ретінде осындай көлемдегі алғашқы экологиялық саммитті өткізіп отыр. Шараны өткізу бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында көтерген еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы - жауапкершілікті теңдей бөлісеміз. Орталық Азия мен көршілес аймақтар су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауаның ластануы, биоалуантүрліліктің жойылу қаупі сынды ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді.Елде «Таза көмір» технологиясы негізінде ЖЭС-тер жаңғыртылады
Өңір үшін ауаның ластануы кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Сондықтан Қазақстанда «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станциялары жаңғыртылады. Осылайша ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындылар 35 пайызға азайтылмақ. Президент бұл бастаманы барлық ел қолдағанда ғана түйткілдің шешімі табылады деді.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында «Таза көмір» технологиясы негізінде жаңа жылу электр станциялары салынып жатыр. Екібастұздағы 3 және 4 энергетикалық блокта да осы технология қолданылады.Келер жылы елдегі электр энергиясы тапшылығы толық жойылады
Сондай-ақ еліміз 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асырмақ. Бүгінде бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Қазір қытайлық инвесторлар Қарағанды облысында қуаты 500 МВт болатын жел электр станциясын салып жатыр. Ол екі жылдан кейін іске қосылады. Сондай-ақ Қазақстан келер жылы электр энергиясы тапшылығынан толық арылады, дейді тиісті министрлік өкілдері.
Әміржан Тұрар, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры:
Қазақстан энергияны тек кешкі уақытта ғана импорттайды. Жылдық эквивалентпен алатын болсақ, 3–4 пайыз ғана шетелден импорттап отырмыз.Су ресурстары бойынша өңірлік кеңес құру ұсынылды
Орталық Азияға ортақ су мәселесі де алдағы жылдары шешімін таппақ. Саммит аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі консультациялардың бірінші кезеңі өтпек. Мемлекет басшысы бұл бастаманың өзектілігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Өңірлік деңгейдегі бастамалардан бөлек, біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз. Былтыр желтоқсан айында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасадым. Аталған бастама өте өзекті. Өйткені қазіргі кезде БҰҰ жаһандық басқарудың бірізділігі мен тиімділігін арттыру үшін мыңдаған мандатты қайта саралап жатыр. Бүгінгі саммит аясында бұл ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетініне қуаныштымын.Ал Түрікменстан президенті су ресурстары бойынша өңірлік кеңес құруды ұсынды.
Сердар Бердымұхамедов, Түрікменстан Республикасының президенті:
Су ресурстарын тиімді басқару үшін өңірлік деңгейде үйлестіру жұмыстарын күшейту керек. Осыған орай Орталық Азия елдерінің су ресурстарын пайдалану мәселелері бойынша өңірлік кеңес құруды ұсынамыз. Бұл бастама елдер арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеуге мүмкіндік береді.Орталық Азияға ортақ қызыл кітап әзірлеу ұсынылды
Өзбекстан президентінің айтуынша, өңірде климат өзгерісі екі есе жылдам жүріп жатыр. Аймақтағы мұздықтардың үштен біріне жуығы еріген. Жауын-шашын режимі тұрақсызданған. Салдарынан жердің тозуы да өзекті мәселеге айналған. Сондықтан Шавкат Мирзиёев жаһан елдерін бұл түйткілді бірігіп шешуге шақырды. Сондай-ақ Орталық Азияға ортақ Қызыл кітап әзірлеуді ұсынды.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:Қызыл кітап сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді тіркеумен ғана шектелмей, табиғатты қорғау саласындағы үйлесімді іс-қимылды қамтамасыз ететін пәрменді құралға айналуы тиіс.Ал Әзербайжан Қазақстанның бастамасымен Халықаралық су ұйымын құру ұсынысын қолдап, Каспий теңізі маңындағы елдердің күш-жігерін біріктіруге шақырды. Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдерінің айтуынша, бұл саммиттің нәтижесі жемісті болады. Өйткені Қазақстанның саммитті ұйымдастырудағы мүддесі — өзін кезекті бір халықаралық диалогтің модераторы ретінде көрсету емес, «жасыл бастамаларды» өңірлік интеграция құралына айналдыру дейді олар.
Рольф Пайе, БҰҰ Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары хатшылығының атқарушы хатшысы:
Қазақстан сияқты елдерде жаһандық деңгейде үйлестіру, қолдау көрсету және маңызды күн тәртібін ілгерілетуге үлкен мүмкіндік бар. Біз қазір үш негізгі дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз: климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің азаюы және ластану. Қазақстан да осының әсерін сезініп отыр.Саммит ертең де жалғасады. Тақырыптық сессиялар нәтижесінде 30-дан астам бастамаға, келісімдерге және меморандумдарға қол қойылады деген жоспар бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы