Басты Жаңалықтар Тұрғындар ауылдың айналасын жасыл желекпен көмкерді

Тұрғындар ауылдың айналасын жасыл желекпен көмкерді

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғап, көгалдандыруға өзіндік үлес қосқан жекелеген тұрғындар бар.

Солардың бірі – Маңғыстаудағы Сенек ауылының тұрғыны Разғали Құлпыбаев осыдан үш жыл бұрын елдімекеннің орталық көшесінен жер алып, 50 түп жеміс ағашын отырғызған. Бүгінде бау-бақша гүлдеп, ауылға көрік беріп тұр. Былтыр алма мен алмұрт ағаштары жемісін берген. Зейнеткер жасыл-желекті өзі күтіп-баптайды. Ал арам шөптерді жұлуға немерелері қолғабыс етеді.

Разғали Құлпыбаев, Сенек ауылының тұрғыны:

Әкеңнен мал қалғаннан, тал қалсын деген. Қазақта сөз бар, «ақсақалына қарап, ауылын көр» деген. Зейнетке шыққан соң, күшіміз жеткенше осы ауылдың амандығы мен көрікті болуына атсалысамыз. Осы жерді қазсаң 11 метрден су шығады. Тек ерінбей егін егу керек, тал егу керек.

Сенек ауылының тағы бір тұрғыны Сұлтанбек Түменбай елдімекеннің кіреберісінде 15 гектарды бау-бақшаға айналдырды. Жоспарланған 12 мың жеміс ағашының бүгінде 6 мыңға жуығын отырғызған. Болашақта бұл аумақ ауыл тұрғындарына арналған демалыс орны болмақ. Яғни, халық емін-еркін серуендеп, жеміс-жидекті тегін тұтынады, - дейді тұрғын. 

Сұлтанбек Түменбай, Сенек ауылының тұрғыны:

Біздің мақсат – осы ауылдың көркеюіне атсалысу. Ауылымызда жеміс-жидек жоқ болды. Соған үлесімізді қосып, жобаны қолға алып жатырмыз.
Бөлісу