Басты Жаңалықтар Былтыр Жетісу облысына ₸610 млрд инвестиция тартылған

Былтыр Жетісу облысына ₸610 млрд инвестиция тартылған

Былтыр Жетісу облысына 610 млрд теңге инвестиция тартылған. Президент қабылдауында болған өңір әкімі Бейбіт Исабаев осылай деп есеп берді. Айтуынша, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға көп. Мемлекет басшысына агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспары да таныстырылды. Мәселен қант қызылшасы алқабы кеңейген, енді Ақсу мен Көксу қант зауыттарының қуатын 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. 2027 жылға дейін 94,4 млрд теңгеге 23 жоба іске асады. Соңғы үш жылда өнеркәсіпте 29 жаңа нысан ашылып, 1800-ден астам жұмыс орны құрылды. Газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жетіп, 210 елді мекен халқы көгілдір отынға қол жеткізді. Ал туризм бағытында Алакөл мен Балқаш жағалауларының инфрақұрылымы жақсарып, Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын жол жаңартылып жатыр. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 3 экопарк салынып, 121 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаев шекарадағы «Достық» бекеті мен «Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ туризмді қарқынды дамытуды тапсырды.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
Мемлекет басшысы облыстың алдына екі негізгі міндет жүктеді. Бірінші, біздің облысымыздың Қытай Халық Республикасымен шекаралас «Достық» торабындағы және «Қорғас» торабындағы арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстарды тиімді басқару. Екінші мәселе – облысымыздың табиғи жағдайын, қолайлы мүмкіндіктерін сараптай келе туризмнің қарқынын үдетуді тапсырды. Әсіресе Алакөл, жаңадан игеріліп жатқан Балқаш көлінің жағалауындағы және тау туризмін дамытуда біз нақты жұмыстар атқарамыз.


Бөлісу