Басты Жаңалықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары: Қандай шешімдер қабылданды?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары: Қандай шешімдер қабылданды?

Шығыстың орта ғасырлардағы рухани әрі зияткерлік орталықтарының бірі – Бұхарада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бейресми деп айдар таққан форматта кездесті.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев күтіп алып, екеуі әуелі Бахауддин Нақшбанди кесенесіне барып, құран оқып, екі халыққа бейбіт өмір мен береке тіледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ғасырлар бойы қазақтың көптеген зиялылары, мысалы Мәшһүр Жүсіп, Бұхарада білім алып, жергілікті медреселерде оқыған.
«Екі елдің делегациялары экономикалық серіктестікті тереңдету, сирек металдар, көлік-транзит, су-энергетика және IT салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмді дамытуға да ерекше мән берді», деп жазды Ақорда Telegram каналы.
Қ. Тоқаев Өзбекстанның «Таза ауа» бастамасын қолдап, оны бірлесіп іске асыруды ұсынған.
«Біздің Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі. Өкінішке қарай, Алматы әлемдегі ауасы ластанған ірі қалалар қатарында тұр. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Егер Сіз қарсы болмасаңыз, «Таза ауа» бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынамыз», деген Қ. Тоқаев.
Ш. Мирзиёев «әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан», Қазақстанның экономика көлемі 300 млрд доллардан асқанын, Қ. Тоқаевтың цифрландыруға ерекше мән беріп отырғанын, көп бағытты саясаты табысты екенін сөз еткен.
«Сіздің аймақтық және әлемдік проблемаларды шешу ісіндегі көрнекті саяси қайраткер екеніңізді көрсетеді» деген.
Келіссөздерден соң президенттер екі ел үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жол картасын қабылдауға уағдаласқан.
Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше нысанды көрсеткен. Ал соңында архив материалдарын табыстады.
Атап айтқанда, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Рәбия Сұлтан Бегім кесенелеріне қатысты 1920–1950 жылдары Өзбекстанда табылған құжаттар, сызбалар және фотосуреттер берілген.

Бөлісу