ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау тетіктері талқыланды
Алматыда ЮНЕСКО аясында материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамыту мәселелері талқыланды. Ұлттық дөңгелек үстелде 2003 жылғы Конвенцияның іске асырылу барысы қаралып, оны жетілдірудің жаңа тәсілдері ұсынылды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ЮНЕСКО Хатшылығы, сондай-ақ сарапшылар мен өңірден өкілдер қатысты. Жиын ЮНЕСКО-ның 2025–2026 жылдарға арналған техникалық гранты шеңберінде ұйымдастырылды. Қазіргі таңда жоба Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 79 элементтің 56-сы құжатталып, 277 мұра иесімен сұхбат жүргізілген. Сонымен қатар өңірлерде оқыту семинарлары өтіп, мәдени мұра иелерінің интерактивті базасы жасалуда. Жиында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұлттық құндылықтарды сақтауда оларды жаңғыртып, цифрлық форматта насихаттаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар вице-премьер Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы сөзін келтіріп, шынайы патриотизм туған жерге деген сүйіспеншілік пен қоғамға қызмет етуден көрінетінін жеткізді. Аида Балаеваның сөзінше, отбасында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бірегей мұра мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып, заманауи мәдени ортада дамуы тиіс. Ал ЮНЕСКО өкілі Фумико Охината Қазақстанның бұл бағыттағы жұмысына жоғары баға берді. Сарапшылар мәдени мұраны цифрландыру, мамандар даярлау және дәстүрлі құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу мәселелерін талқылады.
Болат Тілеп, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:
Қазіргі таңда біздің еліміз материалдық емес құндылықтарды сақтау ісінде ТОП-25 елге кіреді әлем бойынша. Бірақ енді нақты материалдық емес құндылықтарды сақтау мәселесіне қатысты біздің халқымыз ТОП-25 емес, ТОП-10, ТОП-5-ке кіруге әбден мүмкіндігі бар. Осы ретте ЮНЕСКО-ның ұсынып жатқан механизмдерін, мүмкіндігін барлығынша қолданып, пайдалана білуіміз керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы