Мұғалімдер пәндік тест тапсырудан босатылады
Мұғалімдер пәндік тест тапсырудан босатылады. Осылайша, педагогтардың жүктемесін жеңілдетуді жөн көрген министр Жұлдыз Сүлейменова бұл ақпаратты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Тестілеу тоқтатылса, мұғалімдер өзінің біліктілігін қалай дәлелдейді? Қосылатын үстемеақысын ала ма? Министр тағы қандай мәлімдеме жасады? Әріптесім Айжан Иманғали тарқатады.
Бұған дейін еліміздегі барлық мұғалім аттестациялаудан өтер алдында пәндік білімін бағалау тестін тапсыратын. Ол біліктілік санатына өтерде, яғни педагог-модератор, сарапшы, зерттеуші, педагог-шебер атану үшін қажет еді. Енді пәндік білімді дәлелдеудің қажеті жоқ. Бірақ бұл өзгеріс-барлығына бірдей қатысты емес.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Енді кәдімгідей біздің педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген ұстаздарымыз пәндік өзінің біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл тестті біз алып тастадық. Бірақ бұл тестті кім тапсырады? Педагогикалық қоғамдастығына, яғни педагог мамандығына ең алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келе жатыр. Олардың білім деңгейін біз білуіміз қажет.
Министрдің бұл мәлімдемесінен соң алаңдаған ұстаздар көп болды. Бірі білім сапасы тестпен емес, мұғалімнің еңбегімен, оқушының жетістігімен бағалануы керек десе, енді бірі біліктілік тестін тапсырмасақ, жалақыға әсер ете ме деп уайымдайды.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
Ақшаға байланысты мәселе міндетті түрде шешіледі. Қандай жағдай болмасын, педагогтың құқығы бірінші жолда. Қазіргі уақытта бұрын тапсырған педагогтар ОЗП-дан өтіп, портфолиосын жинақтаған, олар аттестаттаудан өтеді. Ал енді өтпей қалған педагогтер дедік қой, яғни олар бізде қазіргі уақытта, жаңа форматта ОЗП тоқтатылды ғой. Сондықтан да ол кісілерден ОЗП-дан өту талап етілмейді.
Ал біліктілік санатына өту-өтпеу, тестілеумен емес, әр мұғалімнің жеке портфолиосымен бағаланады. Онда оқушы мен мұғалімнің жетістігі, білім сапасының динамикасы бір платформада жинақталады. Құжаттары қабылданып, қаралып, әрі қарай өзінің тиісті категориясы бойынша қосымша ақысын алады, деді вице-министр. Осы уақытқа дейін тестілеу тапсырған 51 мың адам қажетті шекті балл жинады. Бұл педагогтер тиісті балл жинап, портфолиосын толықтырғаннан кейін аттестацияның бекітілген барлық кезеңдерінен өтеді. Қыркүйек айынан бастап аттестациядан сәтті өткен ұстаздарға тиісті үстемақылар төлене бастайды. Тағы бір маңызды жаңалық – енді авторлық бағдарламаның болуы міндетті емес. Бұған дейін «педагог-зерттеуші» санатын алу үшін авторлық бағдарламаның болуы негізгі критерийлердің бірі ретінде талап етілсе, енді бұл процесс те едәуір жеңілдетілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы