«Темірлан» тарихи экшн-драмасы бүгіннен бастап кинотеатрларда көрсетіле бастайды
Жылдың ең ауқымды киножобаларының бірі – «Темірлан» тарихи экшн-драмасы бүгіннен бастап үлкен экранға шығады. Туынды Қазақстан, АҚШ және Өзбекстан кинематографистері бірлесіп түсірген халықаралық жоба. Фильмде аты аңызға айналған ұлы қолбасшы Әмір Темірдің тарихи өмір жолы мен көзсіз ерліктері баяндалады.
XIV ғасыр. Моңғол империясының ыдырап, Ұлы Жібек жолының құлдырауы кезіндегі күрделі һәм ауыр кезең. Жас та болса айбарлы Әмір Темір көреген стратегиясы мен сынбас рухының арқасында жауларын жеңіп, жемқор билеушіні тақтан тайдырып, өз билігін орнатады. Басты рөлді сомдаған америкалық актер Кристиан Мортенсен Әмір Темірдің дара тұлғасына тәнті екенін жасырмады.
Кристиан Мортенсен, актер:
Фильм Әмір Темірдің тек жаулаушы, қайсар көсем емес, әке, жар және тұлға ретіндегі бейнесін ашуды көздейді. Мен үшін бұл жоба сол дәуірдің өзі сияқты әртүрлі мәдениет тоғысқан кеңістікке айналды. Түсірілім алаңындағы атмосфера да дәл сондай болды.Халықаралық жобаға шетелдік жұлдыздарымен қатар Санжар Мади, Еркебұлан Дайыров, Жандос Айбасов секілді қазақстандық талантты актерлер қатысты. Сондай-ақ ат үстіндегі шайқастарды шебер орындауда аты әлемге танылған «Nomad Stunts» халықаралық каскадерлер тобының жұмысы айрықша.
Бехруз Хамзаев, «Темірлан» фильмінің атқарушы продюсері:
Біз бала кезден-ақ бай шежіремізді танып, тамырымызды тереңнен сезініп өстік. Әмір Темір – тарихта өшпес із қалдырған тұлға. Ұлы Жібек жолы – өркениетіміздің мәңгілік мұрасы. Енді бұл құндылықтарды әлем жұрты өзгенің емес, біздің көзқарасымызбен, біздің фильміміз арқылы таниды.Түсірілім жұмыстары Өзбекстан мен Қазақстанның тарихи кеңістігінде өрбіді. «Темірлан» – билік пен өршілдіктің бағасын терең толғайтын әсерлі тарихи туынды. Фильмді бүгіннен бастап кинотеатрлардан тамашалауға болады.
Автор
Жазира Оразқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Абай облысына Премьер-министр Олжас Бектенов іссапармен барды
09.04.2026, 20:17
Әлем жаңалықтарына шолу
09.04.2026, 20:15
ШҚО-да «Тұрғындар аманаты» жобасы бойынша форум өтті
09.04.2026, 20:13
АҚШ-Иран келіссөзі сенбіде өтеді
09.04.2026, 20:13
Бельгияда ұстаздар шеруге шықты
09.04.2026, 20:10
ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау тетіктері талқыланды
09.04.2026, 20:09
Қазақстан жаһандық рейтингте үздік 20 елдің қатарына енді
09.04.2026, 20:08
Мұғалімдер пәндік тест тапсырудан босатылады
09.04.2026, 20:06