Басты Жаңалықтар Қазақстан жаһандық рейтингте үздік 20 елдің қатарына енді

Қазақстан жаһандық рейтингте үздік 20 елдің қатарына енді

Қазақстан жаһандық білім беру индексінде үздік 20 елдің қатарына енді. Рейтинг халықаралық стандарттарға сәйкес екі критерий негізінде түзіледі. Әуелгісі – елде QS тізіміне енген университеттердің саны. Яғни жоғары оқу орындарындағы білім сапасы, оқытушылардың біліктілігі, диплом алғаннан кейін түлектердің жұмысқа орналасуы – бәрі ескеріледі. Бүгінде QS тізімінде 10-нан астам отандық университет бар. Ал екінші көрсеткіш – білім беруге бөлінетін қаржының көлемі.

Серікзат Дүйсенғазы, филология факультетінің деканы:

Еуразия Ұлттық университеті QS рейтингінде 317 позицияда. Топ 400 дегенге кіреміз. Біздің ғалымдарымыз қазір әлемдегі ең мықты Q1, Q2 дейміз ғой, алдыңғы қатарлы журналдарға мақалаларын жүктеп жатыр. Яғни әлемге танылып жатыр деген сөз.

QS тізімі және білімге құйылатын инвестиция жағынан Қазақстан қазір 18-орында. Рейтингке жалпы саны 216 ел енген. Бірінші орында – АҚШ. Алғашқы бестікке Ұлыбритания, Қытай, Германия, Аустралия кіреді. Ал ең соңғы орындарда Ауғанстан, Африка елдері тұр. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық рейтингте ел неғұрлым жоғарғы позицияда болса, академиялық хабқа айналу мүмкіндігі де соғұрлым арта түседі. Өйткені қай мемлекетте болмасын, студенттер оқу орнын таңдарда осы рейтингке жүгінеді. Оны сенімді дереккөз ретінде санайды.

Олжас Беркінбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі:

Мұндай рейтингтің қандай нәтижесі бар? Түлектер біздің елге келуге ұмтылады. Оның айқын дәлелі дәл қазір Қазақстанда 40 мыңға жуық студент білім алуда. 1000 студент 1300 жұмыс орнын ашады. Сондықтан бұл рейтингтің нәтижесі Қазақстанға экономикалық жағынан пайда әкеледі.


Бөлісу