Бельгияда ұстаздар шеруге шықты
Бельгияда ұстаздар қауымы шеруге шықты. Олар үкіметтің қатаң үнемдеу шараларына қарсы наразылық білдіріп, биліктен жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауды талап етуде. Мұғалімдер жұмысқа шықпағандықтан, бүгін елдің бірқатар мектебінде сабақ болмады. Оқиға орнынан әріптесім Нұрсұлу Қасымның репортажы.
«Мектеп пен мұғалімге қауіп төніп тұр» деп ұрандатқан ұстаздардың ашуы қатты. Елдің Валлония аймағынан Брюссельдегі шеруге бірі баласын арқалап, енді бірі жетектеп жеткен. «Елдің болашағы - балалардан, ұрпақтың білімінен ақша үнемдеу жақсылыққа апармайды», - дейді бәрі.
Элен Алиже, мұғалім:
Құқымызды қорғау үшін келдім. Ұстаздарға жүктеме көп, айлық аз. Енді жаппай қысқарту болады. Бұл сұмдық. Білімнің сапасы түсіп кетті.
Мэрилин Флонд, мұғалім:
Үкімет тұрмысы төмен отбасылардың балаларына тамаққа берілетін ақшаны қысқартпақ. Музыкалық академияда тегін оқитын балғындардан енді ақы талап етпек. Құрдымға кеттік деген осы.
Кәсіподақ ұйымдары биліктегілердің білім саласына бюджетті қысқартуына қарсы. Керісінше, мектептің инфрақұрылымына қаржы бөліп, ұстаздарға қолайлы жағдай жасауды талап етуде.
Нуред Амрауи, кәсіподақ ұйымының жетекшісі:
Үкімет Трампқа жағымпаздану үшін ұшақ сатып алып, соғысқа қыруар қаржы құртқанша сол ақшаны білім саласына құйсын. Бельгия, басқа да Еуропа елдерінің білім саласы қазір дағдарыстан көз аша алмай тұр.
Дағдарыстың кесірінен білім алу қолжетімсіз болып, әлеуметтік теңсіздік күшейді, дейді ұстаздар.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Валлония-Брюссель федерациясы үкіметі жоғары оқу орындарында оқу ақысын 43 пайызға қымбаттатпақ. ЕуроОдақ елдерінен өзге мемлекеттердің студенттеріне оқу бағасы тіпті көтеріледі. Осыған ашынған студенттер де наразылық акциясына қатысып жатыр.
Шеруге мәдениет саласының қызметкерлері де жиналды. Әртістердің айтуынша, елдегі театрлардың халі мүшкіл, костюмдер тозған. Олар да үкіметтен мәдениет саласына инвестиция құйып, әртістердің жағдайын жақсартуды сұрайды. Шерушілер билік тарапынан оң шешім болмаса, жұмысты тоқтатып, ереуілді әрі қарай күшейтпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы